Отандық кәсіпорындарға мыс сымын нарықтық бағамен алуға мүмкіндік беріледі

Отандық кәсіпорындарға мыс сымын нарықтық бағамен алуға мүмкіндік беріледі
ҚР ИИДМ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС және өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары мыс металын өңдейтін кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз етуге арналған үшжақты келісімге қол қойылды, деп хабарлайды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында отандық өңдеу өнеркәсібін қажетті шикізатпен толыққанды қамту мәселесіне ерекше басымдық берген болатын. Аталған келісім мүдделі тараптардың ұзақмерзімді, тиімді әрі жемісті ынтымақтастықты нығайтып дамытуға, кәсіпкерлік қызметті қолдауға, сондай-ақ әділ, ашық және өзара сыйластық қағидаттары негізінде еліміздегі өңдеу өнеркәсібін өркендетуге бағытталған.
Соған сәйкес «Қазақмыс» корпорациясы бірқатар өңдеуші кәсіпорынды толық көлемде және төмендетілген бағамен қажетті шикізатпен қамтамасыз етпек. Оның ішінде «Үлбі металлургия зауыты» АҚ, «Қазэлектромаш» ЖШС, Alageum Cable Products ЖШС, HARMONY CABLE ЖШС, K. AZTEL ЖШС, Trans Cable ЖШС, «Ақнұр кабель» ЖШС, «Қазэнерго-1» ЖШС, «Қазэнергокабель» АҚ, «ОК Орал Кабель» ЖШС, «Светотехника-1» ЖШС, «Қазорталықэлектрсымы» ЖШС, «Талдықорғанкабель» ЖШС және «Электрокомплект-1» ЖШС бар. Осы арқылы өндіріс орындарына мыс сымын нарықтық бағамен сатып алуға жол ашылады.
Өз кезегінде отандық компаниялар жоғары сападағы өңделген өнім шығаруды жолға қойып, өндіріс көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ алған шикізаттың барлығын өңдеуге тиіс. Осы қолға алынған амал Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің жүктемесін арттыруға оң серпін береді деп болжанып отыр.https://ortcom.kz/kk/novosti/1679992147