Astana Hub халықаралық технопаркі Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) елдерінің үздік технологиялық стартаптарына әлемдік нарыққа, соның ішінде АҚШ нарығына шығуға мүмкіндік ұсынады. Осы мақсатта Astana Hub әйгілі Draper University-мен келісім жасасып, 20 перспективті стартапты Кремний алқабында Hero Training интенсивті бағдарламасы аясында дамытатын болды, деп хабарлайды ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.
Ынтымақтастық туралы келісімге 2023 жылғы 10 наурызда Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев пен Draper University президенті Asra Nadeem Сан-Матео қаласында (Калифорния штаты) ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің АҚШ-қа ресми сапары барысында қол қойды.