РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАҢЫЗЫ БАР АВТОЖОЛДАРДА АҚЫЛЫ ЖОЛДАРДЫ ЕНГІЗУ

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАҢЫЗЫ БАР АВТОЖОЛДАРДА АҚЫЛЫ ЖОЛДАРДЫ ЕНГІЗУ

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАҢЫЗЫ БАР АВТОЖОЛДАРДА АҚЫЛЫ ЖОЛДАРДЫ ЕНГІЗУ жүктеу  

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ

басшылығының қоғамдық

тыңдаулардағы баяндамасы

Ақылы автожолдарды енгізу тәжірибесі көптеген дамыған және дамушы мемлекеттерде кездеседі. Бұл жаңашылдық арқылы күре жолды күтіп-ұстауға қажетті қаражат мемлекеттік бюджеттен емес, жүріп өткен көліктердің төлемақысынан алынады да, бюджеттік қаражат халық үшін маңызды әлеуметтік бағыттарға жұмсалады.

Заман талабына сәйкес, экономикалық және әлеуметтік дамудың негізгі көрсеткіштерінің бірі ретінде елімізде ақылы автомобиль жолдары енгізіле бастады. Елімізде ең алғашқы болып «Нұр-Сұлтан-Щучинск» учаскесі қолданысқа берілді. Бұл учаскеде 2013 жылы «гибридті» ақылы жүйе іске қосылды. Яғни, ақылы жолдан қалаға кіретін жерде арнайы шлагбаумдары бар төлем қабылдау бекеттері орнатылған және көлік жүргізушілері осы шлагбаумдардың алдында төлем жүргізеді.

Жүйе іске қосылған сәттен бастап ақылы учаске өзін өзі қаржылай қамтамасыз етіп келеді.

Мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат қажет болмағандықтан және тәжірибенің оңтайлы нәтижелеріне сүйене отырып, 2019 жылы республикалық маңызы бар 3 учаскеге де ақылы жүйе енгізілді. Бұл «Нұр-Сұлтан-Теміртау», «Алматы-Қапшағай» және «Алматы-Қорғас» тас жолдары.

Бұл жолдарда да «гибридті» жүйе енгізілген. Қазіргі таңда төрт ақылы учаске де өзін өзі қаржыландыруда.

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында ақылы жүйені енгізудің артықшылықтарына сүйене отырып, 2019 жылы инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол 2020-2025» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оның аясында 4 жыл ішінде елімізде 11 мың шақырым автожол ақылы жүйеге ауысады.

Ақылы автожолдардың негізгі артықшылықтары:

1) автожолдарда қауіпсіздікті арттыру;

2) автожолдарды күтіп-ұстау сапасын реттеу;

3) автожолдарды автоматтандыру;

4) көлік құралдарының жылдамдығын бақылау арқылы жол-көлік оқиғаларын азайту;

5) Мониторинг орталығына ақпарат беру арқылы автожолдардың жүру бөлігін тұрақты түрде бақылау;

6) жол бойындағы сервис сапасын жақсарту;

7) транзиттік жүк тасымалдарының қарқындылығын ұлғайту, бұл сәйкесінше мемлекеттік бюджетке түсімдерді көбейтіп, ҚР әрбір азаматының өмірін жақсартуға бөлінетін қаражат мөлшерін арттырады.

Яғни, жаңа ақылы учаскелер жүргізушілер мен жолаушылардың сапар жайлы болуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жол-көлік апаты азайып, жол инфрақұрылымы белсенді дамитын болады.

 

ҚАУІПСІЗДІК:

Ақылы жолдарды пайдалануға бергеннен кейін жол-көлік апаттарының саны азаятыны дәлелденген. Мысалы, қайта жаңарту жұмыстары жүргізілгеннен кейін «Ақтөбе-Орал-Ресей шекарасы» автожолындағы көлік апаты 25%-ға, «Нұр-Сұлтан-Павлодар» автожолында 46%-ға, «Қызылорда-Шымкент-Тараз» автожолында 43%-ға, ал «Павлодар-Семей-Қалбатау» учаскесінде 62%-ға төмендеген.

Жаңа ақылы учаскелер барлық жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ұстанымы бойынша салынған. Сол себепті, олар енгізілген сәттен бастап жол-көлік апатының саны азаятын болады.

Жолдағы қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі?

Ақылы учаскелерде жарықтандыру мәселесі шешілген. Жарықты шағылыстыратын құрылғылар, түнгі уақытта жүргізушілердің назарын автожолға аударатын арнайы катафоттар орнатылған.

Арнайы дыбыс жолақтары да учаскедегі қауіпсіздікті арттыру мақсатында қолданылады. Ол арқылы жүргізушілер белгілі учаскелерде жылдамдықтарын азайтады және арнайы вибрациялар арқылы ұзақ сапарда ұйықтап кетпеуге де әсер етеді.

Өңірдің өндірістік және экологиялық ерекшеліктері ескеріле отырып, қауіпті учаскелерде үй жануарларының жолға шығып кетпеуіне арналған қоршаулар орнатылады.

Қауіпсіз, әрі үздіксіз көлік қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында жолшылар күнделікті жол жабынын тазалайды.

Жеңіл және жүк көліктерінен кейін тас жолдың бойында да, жол жабынының өзінде де қоқыстар қалады. Ол ескі дөңгелектер, түрлі саймандар мен өзге де заттар. Магистральдағы қозғалыс жылдамдығын ескеретін болсақ, мұндай қоқыстар жол-көлік апатының себепшісі болуы мүмкін. Сондықтан жол тазалығына да ерекше назар аударылады.

 

ЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ СЕРВИС:

Ақылы жолдарды енгізу барысында жол бойындағы инфрақұрылым да ескеріледі.

Жол бойындағы инфрақұрылым деген не? Бұл жүргізушілер мен жолаушылардың қолайлығы үшін салынатын кешендер. Демалыс алаңдары, тұрақтар, қонақ үйлер, супермаркеттер, дәретханалар, дәріханалар және т.б.

Мысалы, «Нұр-Сұлтан-Щучинск» учаскесінде жол бойындағы 37 сервис нысаны, «Нұр-Сұлтан-Теміртау» бағытында 11 сервис нысаны, «Алматы-Қапшағай» бағытында 5 сервис нысаны, «Алматы-Қорғас» бағытында 6 сервис нысаны бар.

Сондай-ақ, ақылы учаскелердің бойында сауда орындары, тамақтану қызметі мен жылы дәретханамен жабдықталған сервистің модульдік павильондары орнатылған. Бұл павильондар конкурс арқылы жалға беріліп, жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз ететіндігіне де назар аударғымыз келеді.

2024 жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар автожолдардың, сонымен қатар, ақылы учаскелердің бойында 134 кешеннің құрылысы туралы «GasEnergy», «ҚазТрансГаз», «Compass», «Sinooil», «PetroRetail» мен «М-36» желілік жанар-жағармай құю бекеттерімен келісімдерге қол қойылды.

Заманауи кешендерде жанар-жағармай құю бекеттерімен қатар, қонақ үй, фуд-корт, супермаркет, үлкен паркинг, жылы дәретханалар, жуыну кабиналары мен электромобильдерге арналған қуаттану көзі де болады деп жоспарланған.

ТӘУЛІК БОЙЫ СЕРВИС:

Барлық ақылы учаскелерде тәулік бойы бақылау жүргізіледі. Жолшылар жол жабынының жағдайын тексеріп, жүргізішулерге шұғыл көмек ұсынады.

1403 нөмірінде тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығы бар. Біздің операторлар өз өкілеттіліктерінің аясында барлық сұрақтарға жауап беріп, өзекті ақпаратпен бөлісуге әрдайым дайын. Қажеттілік туындаса, олар жүргізушілерді төтенше қызметпен немесе жергілікті полициямен байланыстыра алады. Барлық ұсыныстар мен шағымдар да осы нөмір бойынша қабылданады.

Өтініштерді егжей-тегжейлі қарастыру үшін арнайы Телеграм-бот бар. Оның жұмыс істеу тәртібі байланыс орталығына ұқсас. Алайда, мұнда жүргізушілер өз өтініштері немесе сұрақтарына фото/бейне материалды, геолокацияны қосып жібере алады. Ұсынылған жауаптар да медиафайлдармен болады.

Ақылы учаскені қолданатын жүргізушілер мен жолаушылардың қолайлығы үшін біздің мамандар КАЖ Мобайл (QAJ Mobile) атты мобильдік қосымшаны жасап шығарды. Бүгінде, бұл қосымша арқылы жеке шоттағы қаражатты, жүріп өткен жол туралы ақпаратты білуге болады. Сондай-ақ, кері байланыс та бар.

Алдағы уақытта А пунктінен Б пунктіне дейінгі маршрутты есептеу (ұзындығы мен бағасы), жол бойындағы барлық сервис нысандары көрсетілген интерактивті карта мен PUSH хабарландырулар да іске қосылады.

ТӨЛЕМАҚЫ АЛУ ЖҮЙЕСІ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫНЫҢ ҚҰРАМДАС ЭЛЕМЕНТТЕРІ – МОНИТОРИНГ ОРТАЛЫҒЫ , НЕГІЗГІ ОРТАЛЫҚ ЖӘНЕ КЛИЕНТТЕРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУДІҢ ӨҢІРЛІК ОРТАЛЫҚТАРЫ, БАЙЛАНЫС ОРТАЛЫҒЫ.

Жүргізушілерге ақылы автомобиль жолдарына қатысты мәселелердің барлығы бойынша пайдалы ақпарат беру жөніндегі жұмыстарды қамтамасыз ету үшін клиенттермен жұмыс істеу орталықтары құрылатын болады.

Клиенттермен жұмыс істеу орталықтары негізгі және аймақтық орталықтардан тұрады және автомобиль жолдарын пайдаланушыларға ақпараттық қызмет көрсетуге арналған.

Мәселен, «негізгі клиенттермен жұмыс істеу орталықтарының» басты функциялары – ақылы учаскесіндегі жол жүру ставкалары бойынша пайдаланушыларға кеңес беру, сондай-ақ жол жүру ақысын төлеу тәсілдері мен қабылдау орындары туралы хабардар ету; пайдаланушыларды өңірлік клиенттермее жұмыс жасау орталықтарының орналасқан жерлері туралы хабардар ету; заңды тұлғалармен ақылы учаскелер бойынша жол жүру үшін шарттар жасасу бойынша қажетті Орталықтандырылған қызметтер жүргізу; үлестірме ақпараттық материалдарды тарату және т. б. болып табылады.

Негізгі буын Мониторинг орталығы болып табылады.

Мониторинг орталығы проблемалық жағдайларды шешу үшін төлем алудың барлық жүйесінің бағдарламалық-аппараттық кешенінің жұмыс істеу жағдайы және әртүрлі бөлімшелерді үйлестіру туралы деректерді жинауға және өңдеуге арналған.

 

ТӨЛЕМ:

Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру жоспарының негізінде, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «QazAvtoJol» ҰК» АҚ бірлесіп төлем алудың «ашық жүйесін» енгізу туралы шешім қабылдады.

Жүйенің ерекшелігі – учаскелерде шлагбаумдар болмайды. Автокөліктердің жүріп өткен жолы туралы ақпарат аркаларда орналасқан арнайы камералар арқылы тіркеледі.

Төлем автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі бойынша жасалады. Сондай-ақ, төлемақы мен автокөлік туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік беретін арнайы белгілерді жапсыру да көзделген.

Жол жүру ставкасын төлеу үшін автокөліктің мемлекеттік нөмірі бойынша шотты толтырудың көптеген нұсқалары қарастырылған, сонымен қатар арнайы RFID белгілерді жабыстыру қарастырылған. RFID белгілерден сигнал бақылау аркаларында оқылады және жол жүру үшін төлем алынады.

Осылайша, ақылы автомобиль жолдарын дамыту шеңберінде RFID жүйесі қолданылатын болады.

RFID белгілері автокөліктің алдыңғы әйнегіне жабыстырылады. Ол ақылы жолдарды пайдаланушылардың қауіпсіздігін, сондай-ақ көлік құралын сәйкестендіруді қамтамасыз етеді.

RFID белгілерін алған кезде жүргізушілерге оларды қолдану жөніндегі толық нұсқаулық беріледі. Мұндай белгілерді таратуды Республикалық маңызы бар автожолдарда және қалаларда орналасатын Клиенттермен жұмыс жасау орталықтарынан бастау жоспарлануда. Және осы клиенттермен жұмыс жасау орталықтарында толық ақпарат ала аласыздар.

Әр учаске бойынша қандай автокөліктерден төлемақы алынатыны тас жолдың техникалық санатына тікелей байланысты. Мәселен, І-техникалық санаттағы тас жолдарда барлық автокөліктер, ал ІІ және ІІІ-техникалық санаттағы тас жолдарда тек жүк көліктері төлем жасайды.

СОНДАЙ-АҚ АҚЫЛЫ УЧАСКЕГЕ ІРГЕЛЕС АУДАНДА ТІРКЕЛГЕН ЖЕҢІЛ КӨЛІКТЕР 1000 ТЕҢГЕ ТӨЛЕП, 1 ЖЫЛДЫҚ, ЯҒНИ 365 КҮНГЕ АРНАЛҒАН АБОНЕМЕНТ РӘСІМДЕЙ АЛАДЫ.

«Ашық жүйенің» басты артықшылығы – шлагбаумдар болмайды. Яғни, төлем жасау үшін пайда болатын кептелістер де болмайды. Бұл учаскедегі үздіксіз қозғалысты қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Сондай-ақ, ашық жүйе адамдардың жауапкершілігін де қажет етеді.

Егер ақылы жолмен жүріп өткені үшін қарыз пайда болып, ол ұзақ уақыт төленбеген болса, көлік жүргізушілеріне ескертпе хаттар жолданатын болады. Ескертпелер еленбеген жағдайда айыппұл салынады. Уақытылы төлем мен ақылы жолмен жүріп өткеннен кейінгі жасалған төлем мөлшерлемесінде де айырмашылықтар бар. Бұл жүргізушілерді алдын ала немесе уақтылы төлем жасауға талпындыру мақсатында қолданылатын әдістің бірі.

Қазіргі таңда төлемді уақтылы жасамай, қарыздарын өтемеген азаматтарға байланысты қолданылатын шаралар мәселесі талқылануда. Жауапты министрлікте мұндай жүргізушілерге автокөлікті сату/сатып алу, есепшоттарға шектеулер орнату мен шетелге шығуға рұқсат бермеу іспеттес шараларды қолдану қарастырылуда. Осы арқылы азаматтардың жауапкершілігіне, қоғамдық санаға әсер ету көзделген.

Қолданылатын жеңілдіктердің қатарын толықтыру мәселесін де ұсынып отырмыз. Атап айтқанда, Ұлы отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды төлемақыдан босату туралы өзгерістер қайта қарастырылуда.