
Көкшетауда әйелдер көшбасшылығын дамытуға, тәжірибе алмасуға және ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған "Aqmola Women Congress" дәстүрлі өңірлік форумы өтті. Іс-шара "Атамекен" Қазақстан Республикасы Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы Төралқасының жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен "AMANAT"партиясы Ақмола облыстық филиалының әйелдер қанатымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Форум жұмысына "Атамекен" ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Ләззат Рамазанова, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Юлия Кучинская, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов, мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтың, қоғамдық ұйымдардың және сараптамалық қоғамдастықтың өкілдері қатысты.
Биыл конгресс Ақмола облысынан 500-ден астам қатысушыны жинады. Олардың ішінде табысты кәсіпкерлер, кәсіпорын басшылары, мемлекеттік қызмет өкілдері, судьялар қауымдастығы, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ бизнесте өз жолын енді бастаған және кәсіби дамуға ұмтылатын әйелдер бар.
Кәсіпкерлер Палатасы Есіл аудандық филиалының бастамасымен форум жұмысына Есіл ауданының белсенді әйелдер делегациясы қатысты. Оның құрамына әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға, іскерлік байланыстарды кеңейтуге және табысты тәжірибелермен алмасуға мүдделі ауданымыздың белсенді кәсіпкерлері кірді. Форумға қатысу аудан өкілдеріне бизнесті мемлекеттік қолдаудың заманауи құралдарымен танысуға, жаңа іскерлік байланыстар орнатуға және өз жобалары мен бастамаларын дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер алуға мүмкіндік берді.
"Aqmola Women Congress" өткізілген жылдар ішінде іскерлік іс-шараға ғана емес, ашық диалог, жаңа серіктестік байланыстар орнату және бірлескен бастамаларды іске қосу үшін маңызды алаңға айналды. Мұнда әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың өзекті мәселелері, бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары, қаржы құралдары және өз ісін жүргізудің заманауи тәсілдері талқыланады.
Бүгінгі таңда әйелдердің кәсіпкерлік қызметке белсенді қатысуы ерекше маңызға ие. Өңірдегі 55 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілерінің жартысына жуығын әйелдер басқарады. Олар сауда, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, өндіріс, білім беру және әлеуметтік кәсіпкерлік салаларындағы жобаларды табысты жүзеге асыруда, жаңа жұмыс орындарын құруда және облыстың тұрақты дамуына ықпал етуде. 2025 жылы қолдау тапқан 86 жобаның жартысына жуығын кәсіпкер әйелдер жүзеге асырды. Әйелдер агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына айтарлықтай үлес қосады: өңірдегі сегіз мыңнан астам ауылшаруашылық кәсіпорындарының екі мыңға жуығы олардың басшылығымен.
Форум бағдарламасында табысты кәсіпкерлік тәжірибелерге және нақты табыс тарихына ерекше назар аударылды. Форум барысында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері, бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары, қаржы құралдары, цифрлық технологиялар және жеке өсу мүмкіндіктері талқыланды. Алайда, мұндай кездесулердің басты құндылығы-нақты табыс тарихын тыңдау, тәжірибе алмасу, пікірлес адамдарды табу және өз ісін дамытудың жаңа перспективаларын көру мүмкіндігі.
"Aqmola Women Congress" форумы әйелдер кәсіпкерлігі өңірлік дамудың негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып табылатынын тағы да растады. Мұндай алаңдар еліміздің экономикасы мен қоғамдық өміріндегі әйелдердің рөлін нығайта отырып, жаңа идеялардың, бірлескен жобалардың және перспективалы әріптестіктердің пайда болуына ықпал етеді.
"Aqmola Women Congress" кәсіпкерлікті дамытуға, кәсіби өсуге және іскерлік ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашып, әйел көшбасшыларды қолдау, оқыту және біріктіру үшін тиімді алаң болып қала береді.
#Ақмолаоблысыкәсіпкерлерпалатасы