Есіл ауданында инклюзивті білім берудің төртінші кабинеті ашылды

Есіл ауданында инклюзивті білім берудің төртінші кабинеті ашылды

Есіл қаласының №1 жалпы орта білім беретін мектебінде инклюзивті білім беруді қолдау кабинеті ашылды. Бұл – Есіл ауданы бойынша ашылған төртінші кабинет.

Кабинет ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған. Мұнда логопед, дефектолог және психолог мамандардың қатысуымен жеке және топтық сабақтар өтеді. Жаңа кабинет заманауи құралдармен жабдықталып, балаларға қолайлы әрі қауіпсіз ортада түзету-дамыту жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.

Іс-шараға аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, мектеп ұжымы, ата-аналар және аудан әкімінің орынбасары қатысты.

№2 мектептің директоры Елена Челюбеева өз сөзінде инклюзивті кабинеттің нақты нәтижелер бергенін атап өтті:

«Біздің кабинетке 50-ден астам бала қатысады. Бұрын бұл қаладағы жалғыз кабинет еді. Қазір біз балалардың мінез-құлқы мен қарым-қатынасында оң өзгерістер барын байқап отырмыз. Олар ашыла түсіп, өздеріне сенімді бола бастады», – деді ол.

Есіл ауданында инклюзивті білім беруді дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Мұндай кабинеттер – ерекше білім беруді қажет ететін балаларға тең мүмкіндік жасап, олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасауға бағытталған нақты қадам.