Еркіншілік ауылында жаңа ауылдық емхана бой көтерді.
2025 жылдың 9 сәуірінде Ерейментау ауданының Еркіншілік ауылында жаңа дәрігерлік амбулаторияның салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға аудан әкімі Нұрлан Муқатов қатысып, жиналғандарды қуанышты оқиғамен құттықтап, құттықтау сөзін сөйледі.
Ерейментау аудандық ауруханасының бас дәрігері Марал Сүлейменова жаңа амбулаторияға Еркіншілік, Ақсуат және Еңбек ауылдарынан барлығы 3 071 тұрғын тіркелгенін хабарлады. Амбулаторияның бір ауысымда 70 келушіні қабылдауға мүмкіндігі бар және толықтай заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған. Мұнда дәрігер қабылдау кабинеттері, процедуралық және доврачебный кабинеттер, акушерка кабинеті, сондай-ақ физиотерапия мен ЛФК кабинеттері бар күндізгі стационар да орналасқан. Амбулаторияда жалпы тәжірибе дәрігерлері, алты мейірбике, акушерка, процедуралық медбике, лаборант және әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді.
«Бұл жобаны жүзеге асыруға қатысқан облыс басшылығына, құрылысшыларға, дәрігерлер мен медбикелерге шын жүректен алғысымды білдіремін. Амбулатория жоғары деңгейде салынған, оны мақтанышпен айта аламыз. Сондай-ақ, амбулатория барлық қажетті медициналық жабдықтармен және материалдармен толық қамтамасыз етілген. Оның ашылуы медициналық қызмет көрсету деңгейін айтарлықтай арттырды, біздің пациенттеріміз өте риза», — деп атап өтті Марал Сүлейменова.
Амбулатория құрылысына 320 млн теңге бөлініп, бұл қаржы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасы аясында игерілген. Сонымен қатар, аумақты абаттандыруға қосымша 160 млн теңге қаражат жұмсалды.
Амбулаторияның ерекшелігі — заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілуінде. Жаңа құрылғылардың қатарында функционалды төсектер, арнайы салмақ өлшейтін таразылар мен электрокардиография (ЭКГ) аппараты бар, олар жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикада айтарлықтай жеңілдетеді.
Амбулаторияның маңызды бөлімдерінің бірі — ЛФК бөлімі. Мұнда әртүрлі аурулары бар пациенттер үшін жеке жаттығу бағдарламалары ұсынылып, операциялар мен жарақаттардан кейін тезірек қалпына келуге көмектеседі.
Енді Еркіншілік тұрғындары тек емделіп қана қоймай, тұрақты тексерулерден өтіп, скринингтер мен медициналық тексерулерді де ауылда өтетін болады.
Аудандық аурухананың бас дәрігері айтқандай, амбулаторияның қызмет аясын кеңейту жоспарланып отыр, сондай-ақ білікті мамандарды тарту көзделген. Бұл медициналық қызмет көрсету сапасын ғана емес, тұрғындардың денсаулығын жақсартуға да үлкен септігін тигізеді.
«Жаңа амбулатория ауылымыздың медициналық инфрақұрылымын жаңартып, көптеген тұрғынға көмек көрсетуге жол ашады. Оның құрылыс жұмыстары еліміздің «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асты. Бағдарламаның басты мақсаты – ауылдық аймақтардағы медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру. Қасым-Жомарт Тоқаев реформалар жөніндегі Жоғары Кеңестің отырысында «ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасының әлеуметтік маңызы зор екенін атап өтті. Мен өз атымнан облыс басшылығына, құрылысшыларға, дәрігерлер мен медбикелерге алғысымды білдіремін. Әрқайсысы өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, ауыл тұрғындарының игілігі үшін еңбек етті. Амбулаторияның ашылуы өңіріміз үшін ғана емес, барша тұрғындар үшін маңызды оқиға. Денсаулыққа деген жауапкершілік біздің басты міндетіміз болып қала бермек»-деп атап өтті Ерейментау ауданының әкімі Нұрлан Мұқатов!