Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы қайталама куәліктер, анықтамалар және акт жазбаларының көшірмелерін беру тәртібі

Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы қайталама куәліктер, анықтамалар және акт жазбаларының көшірмелерін беру тәртібі

Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы қайталама куәліктер, анықтамалар және акт жазбаларының көшірмелерін беру тәртібі

      Мемлекеттік қызмет көрсету процесінің сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай – ақ мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктерін ескере отырып, өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі осы Қағидаларға 30-қосымшаға сәйкес "Азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қайталама куәліктер немесе анықтамалар беру" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесінде (бұдан әрі - қайталама куәліктер мен анықтамалар бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі) келтірілген.

      Азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қайталама куәлікті немесе анықтаманы алу үшін көрсетілетін қызметті алушы Мемлекеттік корпорацияға жазбаша түрде немесе портал арқылы электрондық түрде осы Қағидаларға 31-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қайталама куәлік немесе анықтама түріне сәйкес қайталама куәліктер мен анықтамалар бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесінің 8-тармағында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып өтініш береді.

      Азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қайталама куәліктерді немесе анықтамаларды кез келген тіркеуші орган азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу орнына қарамастан береді.

      Бастапқы куәлік жоғалған немесе пайдалануға жарамсыз болған жағдайда, сондай – ақ енгізілген өзгерістерге, толықтыруларға және түзетулерге байланысты мұрағаттық акт жазбасының негізінде азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы қайталама куәлік (бұдан әрі - қайталама куәлік) беріледі.

      Қайталама куәліктер актілік жазбалармен нақты сәйкестендіріліп жазылады. Жергілікті жерлердің атаулары сол кезде болған әкімшілік-аумақтық бөлініске нақты сәйкестендіріліп көрсетіледі, ал тіркеуші орны мен беру орны– қазіргі кездегі әкімшілік-аумақтық бөлініс көрсетіледі.

      Егер актілік жазбада ұлты, азаматтығы туралы мәліметтер болмаса, берілетін қайта куәліктердің тиісті бағандары толтырылмайды.

      Қайталама куәліктер азаматтық хал актісін тіркеу туралы жазба жасалған адамдарға қатысты беріледі.

      Берілетін қайталама куәліктердің бірінші бетінің жоғарғы жағында "Қайталама" деп көрсетіледі.

      Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексіне сәйкес берілген сенімхаты болған кезде қайталама куәлік заңды өкіліне беріледі.

      Он алты жасқа дейінгі балалардың тууы туралы қайталама куәліктері ата-аналарына, қорғаншыларына, ұл (қыз) бала асырап алушыларға, қамқоршыларына және сол балаларды тәрбиелеп отырған балалар мекемелерінің әкімшіліктеріне беріледі, он алты жастан асқан, бірақ он сегіз жасқа толмаған және жеке басын куәландыратын құжат алмаған балаларға ата-анасының біреуінің не қорғаншысының қатысуымен олар жеке басын куәландыратын құжатты немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжатты ұсынған кезде қайталама куәліктер беріледі.

      Қайтыс болу туралы қайталама куәліктер қайтыс болған адамның жақын туыстарына, оның мұрагерлер тобына кіретін басқа адамдарға беріледі.

      Басқа туыстарына қайтыс болу туралы куәлік мұрагерлік ісі бар нотариустың хабарламасы бойынша беріледі.

      Егер АХАЖ АЖ-де және тіркеуші органда акт жазба болмаса, өтініш екінші данадан тексеру үшін облыстың (республикалық маңызы бар қаланың) аумақтық әділет органына жіберіледі.

      Тексеру 3 (үш) жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Аумақтық әділет органының мұрағатында жазба болған жағдайда 10 (он) күнтізбелік күн ішінде АХАЖ АЖ-не азаматтық хал актілері жазбасын енгізу бойынша шаралар қабылдайды.

      Содан кейін 2 (екі) жұмыс күні ішінде тіркеуші орган қайта куәлік жазады.

      Аумақтық әділет органының мұрағатында жазба болмаған жағдайда 1 (бір) жұмыс күні ішінде тіркеуші органға азаматтық хал акт жазбасының жоқтығы туралы хат жіберіледі. Тіркеуші орган көрсетілетін қызметті алушыға азаматтық хал акт жазбасын қалпына келтіру туралы өтініш беру туралы ұсынымдармен акт жазбасының жоқтығы туралы жауап жібереді.

      Қазақстан Республикасы ратификациялаған азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы конвенциялар шеңберінде келіп түскен сұрау салулар бойынша қайталама куәліктерді жіберу пошта байланысы арқылы жүзеге асырылады.

      Әскери қызметкерге қатысты қайталама куәліктер әскери бөлімнің командирінің атына жолданады, бас бостандығынан айырылған тұлғаларға қатысты қайталама куәліктер түзеу-еңбек колониясының бастығының атына жолданады.

      Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер тапсырыс хаттармен жіберіледі, куәліктерді тігуге және қайта майыстыруға жол берілмейді.

      Қайталама куәліктерді беру туралы өтініштерді тексеру АХАЖ АЖ-да жүргізіледі.

      Егер АХАЖ АЖ-да мәліметтер жоқ болса, өтініште көрсетілген жыл ішінде акті (метрикалық) кітаптар бойынша жүргізіледі, сондай-ақ өтініште көрсетілген азаматтық хал актілері тіркелген жылдан бұрынғы екі және кейінгі екі жыл аралығында жүргізіледі.

      Егер азаматтық хал актілерін тіркеудің нақты жылы көрсетілмесе, тексеру тек АХАЖ АЖ-де жүзеге асырылады.

      Тексеру 3 (үш) жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Тіркеуші органның мұрағатында жазба болған жағдайда 10 (он) күнтізбелік күн ішінде АХАЖ АЖ азаматтық хал актілері жазбасын енгізу бойынша шаралар қабылданады.

      Азаматтық хал актілерін тіркеу фактісін куәландыруға тіркеуші орган азаматтық хал актілерін тіркеу түріне сәйкес Кодекстің 181-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілетін нысан бойынша азаматтық хал актілерін тіркеу кітабындағы жазба негізінде азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама (бұдан әрі-анықтама) береді.

      Анықтама АХАЖ АЖ "электрондық үкімет" порталы арқылы электронды түрде беріледі.

      Анықтамаларды Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде уәкілетті органдарға ұсыну қажет болған жағдайда анықтамалар қағаз түрінде беріледі. Қажет болған жағдайда және бұл туралы өтініште көрсетілсе осы анықтамалардың ескертуінде акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар, түзетулер енгізу, қайталама куәліктердің беру үшін негіздері көрсетіледі. Ескертудегі мәліметтер егер олар жеке және отбасылық құпияға жатпайтын жағдайда толтырылады.

      Бала асырап алушылар асырап алынған баланың ата-анасы болып табылмайтындығы туралы ақпаратты қамтитын мәліметтер тек бала асырап алушының немесе бала асырап алушылардың келісімімен ғана көрсетіледі.

      Некеге құқық қабілеттілігі туралы анықтаманы кез келген тіркеуші орган он алты жастан бастап АХАЖ АЖ-де тексеру негізінде береді.

      Азаматтық хал актілері жазбаларының мәліметтері бар анықтамалар:

      1) акт жазбасы жасалған азаматқа;

      2) ата-аналарға, асырап алушыларға, қорғаншыларға және қамқоршыларға;

      3) әрекетке қабілетсіз адамдардың қорғаншысы болып табылатын азаматтарға;

      4) қайтыс болған адамның туыстары мен мұрагерлеріне беріледі.

      Анықтамалар азаматтардың өкілдеріне оның өкілеттігін растайтын құжат негізінде беріледі.

      Азаматтық хал актілерін тіркеу туралы акт жазбаларының көшірмелері қызмет бабында пайдалануға арналған құжаттар болып табылады. Азаматтарға акт жазбаларының көшірмелері берілмейді.

      Азаматтық хал актілері жазбаларының электрондық нұсқаларының көшірмелері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреттері шегінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының (ақпараттық жүйелері АХАЖ АЖ-мен ықпалдастырылған мемлекеттік органдарды қоспағанда), адвокатура органдарының, нотариустардың (АХАЖ АЖ-да азаматтық хал актілері жазбалары болмаған кезде) сұрау салулары бойынша, басқа мемлекеттерді қосқанда, сондай-ақ басқа мемлекеттердің АХАТ органдарының (қызметтерінің) сұрау салулары бойынша ғана беріледі (жіберіледі).

      Сұрау салуда "Ақпаратқа қол жеткізу туралы", "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес дербес деректерді жинау және өңдеу мақсатын көрсету қажет.

      Азаматтық хал актілері жазбаларының мұрағаттық көшірмесін алу және бұл туралы сұрау салуда көрсету қажет болған кезде акт жазбасының көшірмесі акт кітабының бірінші данасынан беріледі (жіберіледі), ол азаматтық хал актісінің бастапқы тіркелген жері бойынша ауданның (қаланың) тіркеуші органының мұрағатында сақталады.

      Көшірмелердің дұрыстығы тіркеуші органның елтаңбалық мөрімен және лауазымды тұлғасының қолымен бекітіледі

      Азаматтық хал актілері жазбаларының куәліктеріне, анықтамалар мен көшірмелеріне тіркеуші орган лауазымды тұлғасының қолы қойылады және тіркеуші органның мөрімен бекітіледі.