
🔹14 сәуір күні Ерейментау ауданының әкімі Нұрлан Мұқатов Күншалған ауылдық округінің тұрғындарымен есептік кездесу өткізді.
Кездесу барысында округ әкімі Нұрымбек Залгаринов атқарылған жұмыстарды баяндап, ауылдың бүгінгі әлеуметтік-экономикалық ахуалына тоқталды. Қазіргі таңда Күншалған ауылдық округіне қарасты Қаратал, Шәкей және Күншалған елді мекендерінде 470 тұрғын өмір сүруде. Ауыл шаруашылығы негізгі бағыт болып қалыптасқан: мал басы өсіп, ветеринариялық шаралар жоспарлы түрде жүргізілуде.
Әлеуметтік салада да оң өзгерістер бар. Мектеп, медицина пункттері, кітапхана мен клуб тұрақты жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік қызметтер уақытылы көрсетіліп, тұрғындардың өтініштері толық қаралуда. Ауылды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, санитарлық тазалық жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда.
Сонымен қатар, кәсіпкерлік пен демеушілік бағытында да белсенділік байқалады. Жергілікті шаруашылықтар мен кәсіпкерлер ауыл тұрғындарына тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді.
Кездесуден кейін аудан әкімі “Юркино KZ” ЖШС-нің жұмысымен танысты. Аталған кәсіпорын көктемгі егіс науқанына дайындық жүргізуде. Сонымен қатар, инвестор ретінде ауылда дүкен ашып, моншаға жөндеу жұмыстарын қолға алған.
Жалпы, Күншалған ауылдық округінде тұрақты даму мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде