Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы № 301 бұйрығына 4-қосымша |
Ескерту. 4-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 01.08.2023 № 287 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1. Осы "Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру" мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабы 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және "Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру" мемлекеттік қызметін (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) көрсету тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жергілікті атқарушы органдардың шешімдері – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің жер учаскесіне құқық беру туралы құқықтық актілері;
2) жер комиссиясы – Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 43-бабына сәйкес өтініштерді (өтінімдерді) қарау және жер учаскелеріне құқықтар беру туралы (шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың жеңімпазын айқындау туралы), жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы және су қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру туралы қорытындылар дайындау үшін құрылатын жергілікті атқарушы орган жанындағы алқалы орган;
3) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарының жер қатынастары саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі;
4) жерге орналастыру жобасы – жер учаскесінің схемасы (жоспары), жер учаскесінің ауданы, оның шекарасы мен орналасқан жері туралы мәліметтер, жер учаскелерінің аралас меншік иелері мен жер пайдаланушылары туралы және жер учаскелеріне ауыртпалықтар мен сервитуттар туралы мәліметтер;
5) жер учаскесі – Қазақстан Республикасының Жер кодексінде (бұдан әрі – Кодекс) белгіленген тәртіппен жер қатынастары субъектілеріне бекітіліп берілетін, тұйық шекараларда бөлінген жер бөлігі;
6) мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – МЖК ААЖ) – жер учаскелерінің сапалық және сандық сипаттамаларын, оның ішінде олардың шекаралары туралы, сондай-ақ жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар туралы мәліметтерді қамтитын мемлекеттік жер кадастрын жүргізуге арналған ақпараттық жүйе;
7) пайдаланушының "электрондық үкіметтің" веб-порталындағы кабинеті (бұдан әрі – жеке кабинет) – жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдармен электрондық түрде қызметтер көрсету мәселелері, аталған тұлғалардың өтініштерін қарайтын субъектілерге жүгіну, сондай-ақ дербес деректерді пайдалану мәселелері бойынша ресми ақпараттық өзара іс-қимылға арналған "электрондық үкіметтің" веб-порталының құрамдасы;
8) "электрондық үкіметтің" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесі болатын ақпараттық жүйе;
9) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.
3. Мемлекеттік қызметті облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) жеке немесе заңды тұлғаларға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) көрсетеді.
"Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру" мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі (бұдан әрі – Тізбе) осы Қағидаларға 1-қосымшада көрсетілген.
4. Осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру туралы өтінішті және Тізбенің 8-тармағында көрсетілген құжаттарды қабылдау көрсетілетін қызметті беруші арқылы не портал арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызметті қағаз түрінде көрсету кезінде өтініштер мен құжаттарды қабылдау күні мемлекеттік қызметті көрсету мерзіміне кірмейді.
Көрсетілетін қызметті алушы Тізбеге сәйкес құжаттар топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші өтінішті қабылдаудан бас тартады.
5. Жеке басты куәландыратын құжат туралы, заңды тұлғаны тіркеу (қайта тіркеу) туралы, дара кәсіпкерді тіркеу туралы не жылжымайтын мүлікке меншік құқығын растайтын дара кәсіпкер ретінде қызметінің басталғаны туралы, жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары туралы, мемлекеттік қызмет көрсеткені үшін ақының төленгені туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден талап етеді.
Көрсетілетін қызметті берушілер іске асырылған интеграция арқылы цифрлық құжаттар сервисінен порталда тіркелген пайдаланушының ұялы байланысының абоненттік нөмірі арқылы бір реттік құиясөзді беру арқылы немесе портал хабарламасына жауап ретінде қысқа мәтіндік хабарлама жіберу арқылы ұсынылған құжат иесінің келісуі болған жағдайда цифрлық құжаттарды алады.
Ақпараттық жүйелерде қамтылған дербес деректер мен заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді өңдеуді көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушының келісуімен порталда тіркеу барысында жүзеге асырады.
Көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетіне мемлекеттік қызмет көрсетуге өтініштің қабылданғаны туралы мәртебе және мемлекеттік қызмет көрсету күні мен уақыты көрсетілген хабарлама жіберіледі.
Көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндері жүгінген кезде құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.
6. Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кезде:
1) операциялық залдың жұмыскері (операторы) Тізбеде көрсетілген құжаттарды қабылдауды және тіркеуді құжаттарды қабылдау күні 30 (отыз) минут ішінде жүзеге асырады;
2) операциялық залдың жұмыскері (операторы) көрсетілетін қызметті алушыдан қабылдаған құжаттарды құжаттар келіп түскен күні 2 (екі) сағат ішінде курьер арқылы көрсетілетін қызметті берушіге тапсырады;
3) көрсетілетін қызметті берушінің басшысы не оны алмастыратын адам құжаттардың мазмұнымен танысады, бұрыштама қояды және 1 (бір) жұмыс күні ішінде жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтінішті құзыреті шегінде жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органға және сәулет және қала құрылысы саласындағы құрылымдық бөлімшеге жібереді;
4) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органның не сәулет және қала құрылысы саласындағы құрылымдық бөлімшенің жауапты орындаушысы құзыреті шегінде өтініш келіп түскен күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындайды және оны бір мезгілде барлық мүдделі мемлекеттік органдарға, инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету жөніндегі тиісті қызметтерге келісуге жібереді;
5) келісуші органдар 3 (үш) жұмыс күні ішінде жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігі туралы тиісті қорытындылар ұсынады;
6) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органның не сәулет және қала құрылысы саласындағы құрылымдық бөлімшенің жауапты орындаушысы құзыреті шегінде қорытындылар келіп түскен күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігі туралы ұсыныс дайындайды;
7) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органның жауапты орындаушысы материалдарды жер комиссиясының қарауына дайындайды;
8) жер комиссиясының қорытындысы жер комиссиясына жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту мүмкіндігі туралы ұсыныс келіп түскен сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде хаттамалық шешім нысанында екі данада жасалады;
9) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органның жұмыскері 1 (бір) жұмыс күні ішінде жер комиссиясы қорытындысының бір данасын көрсетілетін қызметті алушыға мынадай тәсілдердің бірімен жібереді:
қолма қол беру;
берілгені туралы хабарламамен тапсырысты почта жөнелтілімі түрінде;
электрондық цифрлық қолтаңба қойылған электрондық құжатпен;
көрсетілетін қызметті берушінің басшысы қол қойған өтініш берушінің электрондық почтасының мекенжайы бойынша.
Жер комиссиясының оң қорытындысы болған жағдайда – көрсетілетін қызметті алушының жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнының актісін ұсынуы үшін (жер учаскесін сатып алған кезде), жер комиссиясының теріс қорытындысы болған жағдайда – мемлекеттік қызмет көрсетуде жер комиссиясының хаттамалық шешіміне шағымдану мерзімі өткеннен кейін үш жұмыс күні ішінде уәжді бас тартуды дайындайды және көрсетілетін қызметті алушыға жолдайды;
10) жер қатынастары жөніндегі уәкілдің не сәулет және қала құрылысы саласындағы құрылымдық бөлімшенің жауапты орындаушысы құзыреті шегінде жер комиссиясының тиісті қорытындысы және жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құны актісі (жер учаскесін сатып алу кезінде) келіп түскен сәттен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті берушінің тиісті шешімін дайындайды.
Аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтердің әкімдері шешім (өкім) қабылдаған жағдайда, жер комиссиясының қорытындысы көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесіне жіберіледі;
11) көрсетілетін қызметті берушінің жер учаскесін өзгерту туралы не мемлекеттік қызметті көрсетуден уәжді бас тарту туралы шешімі жер комиссиясының тиісті қорытындысы келіп түскен сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде қабылданады;
12) көрсетілетін қызметті берушінің кеңсе қызметкері 2 (екі) сағат ішінде көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамы қол қойған тиісті шешімді курьер арқылы беруге тапсырады;
13) дайын құжаттарды көрсетілетін қызметті алушыға беру жеке куәлікті немесе цифрлық құжаттар сервисінен (сәйкестендіру үшін) электрондық құжатты (не өкілеттігін растайтын құжат бойынша оның өкіліне) ұсынған кезде қолхат негізінде жүзеге асырылады.
7. Порталға жүгінген кезде:
1) көрсетілетін қызметті берушінің кеңсе жұмыскері құжаттарды қабылдаған күні 30 (отыз) минут ішінде Тізбеде көрсетілген құжаттарды қабылдауды және тіркеуді жүзеге асырады.
2) кеңсе қызметкері көрсетілетін қызметті алушыдан қабылдаған құжаттарды құжаттар келіп түскен күні 2 (екі) сағат ішінде көрсетілетін қызметті берушіге курьер арқылы береді;
3) көрсетілетін қызметті берушінің басшысы не оны алмастыратын адам құзыреті шегінде құжаттардың мазмұнымен танысады, бұрыштама қояды және 1 (бір) жұмыс күні ішінде жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтінішті жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органға және сәулет және қала құрылысы саласындағы құрылымдық бөлімшеге жібереді;
4) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органның не сәулет және қала құрылысы саласындағы құрылымдық бөлімшенің жауапты орындаушысы құзыреті шегінде өтініш келіп түскен күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындайды және оны бір мезгілде барлық мүдделі мемлекеттік органдарға, инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету жөніндегі тиісті қызметтерге келісуге жібереді;
5) келісуші органдар 3 (үш) жұмыс күні ішінде жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігі туралы тиісті қорытындылар ұсынады;
6) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органның не сәулет және қала құрылысы саласындағы құрылымдық бөлімшенің жауапты орындаушысы құзыреті шегінде қорытындылар келіп түскен күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігі туралы ұсынысты дайындайды;
7) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органның жауапты орындаушысы жер комиссиясының қарауына материалдарды дайындайды;
8) жер комиссиясының қорытындысы жер комиссиясына жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту мүмкіндігі туралы ұсыныс келіп түскен сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде хаттамалық шешім түрінде екі данада жасалады;
9) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органның жұмыскері 1 (бір) жұмыс күні ішінде жер комиссиясы қорытындысының бір данасын көрсетілетін қызметті алушыға, жер комиссиясының оң қорытындысы болған жағдайда – көрсетілетін қызметті алушы жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнының актісін (жер учаскесін сатып алу кезінде) беру үшін жібереді, жер комиссиясының теріс қорытындысы болған жағдайда – мемлекеттік қызмет көрсетуде жер комиссиясының хаттамалық шешіміне шағымдану мерзімі өткеннен кейін үш жұмыс күні ішінде уәжді бас тартуды дайындайды және көрсетілетін қызметті берушінің басшысының ЭЦҚ-сы қойылған электрондық құжат нысанында көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетіне жібереді;
10) жер қатынастары жөніндегі уәкілдің не сәулет және қала құрылысы саласындағы құрылымдық бөлімшенің жауапты орындаушысы құзыреті шегінде жер комиссиясының тиісті қорытындысы және жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құны актісі (жер учаскесін сатып алу кезінде) келіп түскен сәттен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті берушінің тиісті шешімін дайындайды.
Аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтердің әкімдері шешім (өкім) қабылдаған жағдайда, жер комиссиясының қорытындысы көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесіне жіберіледі;
11) көрсетілетін қызметті берушінің жер учаскесін өзгерту туралы не мемлекеттік қызметті көрсетуден уәжді бас тарту туралы шешімі жер комиссиясының тиісті қорытындысы келіп түскен сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде қабылданады;
12) көрсетілетін қызметті берушінің кеңсе қызметкері көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының ЭЦҚ-сы қойылған электрондық құжат нысанындағы тиісті шешімді портал арқылы көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетіне жібереді.
8. Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер болған көрсетілетін қызметті алушыға осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім туралы хабарлама жіберіледі, онда көрсетілетін қызметті алушыға алдын ала шешім бойынша ұстанымын білдіру мүмкіндігі үшін тыңдалым өткізудің уақыты мен орны (тәсілі) көрсетіледі.
Тыңдалым туралы хабарлама мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі. Тыңдалым хабарлама жасалған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
Тыңдалым нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті беруші жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру туралы не мемлекеттік қызмет көрсетуден уәжді бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Мемлекеттік қызметті көрсетуден уәжді бас тарту көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының ЭЦҚ-сы қойылған электрондық құжат нысанында көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" жіберіледі не көрсетілетін қызметті беруші арқылы беріледі.
9. Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы деректердің мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне енгізілуін қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі осы Қағидалар бекітілген немесе өзгертілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға енгізілген өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпаратты "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы операторына, көрсетілетін қызметті берушіге және Бірыңғай байланыс орталығына жібереді.
10. Ақпараттық жүйе істен шыққан кезде көрсетілетін қызметті беруші ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға жауапты көрсетілетін қызметті берушінің құрылымдық бөлімшесінің жұмыскерін дереу хабардар етеді.
Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға жауапты қызметкер техникалық проблема туралы хаттама жасайды және оған көрсетілетін қызметті беруші қол қояды.
11. Көрсетілетін қызметті беруші Тізбенің 9-тармағында көрсетілген негіздер бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартады.
12. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға беріледі.
Шағым Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚР ӘРПК) 91-бабының 4-тармағына сәйкес келіп түскен жағдайда көрсетілетін қызметті беруші оны келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағымды қарайтын органға жібереді. Көрсетілетін қызметті беруші 3 (үш) жұмыс күні ішінде қолайлы акт қабылданған, шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын әкімшілік іс-әрекет жасалған жағдайда шағымды қарайтын органға шағымды жібермейді.
13. Көрсетілетін қызметті алушының шағымын Заңның 25-бабының 2-тармағына сәйкес:
көрсетілетін қызметті беруші – тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде;
мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган – ол тіркелген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қарауы тиіс.
Көрсетілетін қызметті берушінің, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның шағымды қарау мерзімі Заңның 25-бабының 4-тармағына сәйкес:
1) шағым бойынша қосымша зерделеу немесе тексеру не жергілікті жерге барып тексеру жүргізу;
2) қосымша ақпарат алу қажет болған жағдайларда 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылады.
Шағымды қарау мерзімі ұзартылған жағдайда, шағымды қарау жөнінде өкілеттік берілген лауазымды адам шағымды қарау мерзімі ұзартылған сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағымды берген көрсетілетін қызметті алушыға жазбаша нысанда (шағым қағаз жеткізгіште берілген кезде) немесе электрондық нысанда (шағым электрондық түрде берілген кезде) ұзарту себебін көрсете отырып шағымды қарау мерзімінің ұзартылғаны туралы хабарлайды.
14. Егер заңда өзгеше көзделмесе, ҚР ӘРПК 91-бабының 5-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тәртіппен шағымданғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі.