Астананың іргесіндегі Қосшы қаласында инфрақұрылым саласындағы ірі жобалардың бірі – газдандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. 2026 жылға дейін қала толық газ жүйесіне қосылуы тиіс. Бұл мыңдаған тұрғынға экологиялық таза әрі қолайлы жылу көзіне көшуге мүмкіндік береді.
Газдандыру Қосшы қаласының Бас жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда. Жобаның жалпы құны 11,3 миллиард теңге. Мердігер компания - «Алия-Сервис» ЖШС. Энергетика басқармасының мәліметіне сәйкес, жоба аясында 408 шақырым газ құбыры тартылып, 112 мыңнан астам адам немесе 31 мыңнан аса абонент қамтылады.
2024 жылдың ішінде 70 шақырымға жуық құбыр төселді. Оның ішінде 2 шақырым жоғары қысымды, 15 шақырым орташа және 53 шақырым төмен қысымды құбырлар. Жыл соңына дейін алғашқы 8,4 мың абонентке газ беріледі. Бұл шамамен 30 мың тұрғынды қамтиды.
Жобаны қаржыландыруға «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы қолдау көрсетіп отыр. Қазірдің өзінде 4 миллиард теңге бөлінген, алдағы уақытта тағы 5,4 миллиард теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр.
Мамандардың айтуынша, газдандыру тек тұрмыстық қолайлықты арттырып қоймай, экологиялық жағдайды жақсартып, энергия тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жоба Қосшы қаласының инвестициялық тартымдылығын арттырып, тұрақты даму бағытына серпін бермек.
Газбен қамту - қала тұрғындарының өмір сапасын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам.