Ақмола облысында жылыту маусымына дайындық жұмыстары жалғасуда

Ақмола облысында жылыту маусымына дайындық жұмыстары жалғасуда

Жылыту маусымына дайындық мәселелері Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазановтың төрағалығымен Степногорск қаласында өткен көшпелі кеңестің негізгі тақырыбына айналды. Кеңес өткізу үшін бұл қаланың таңдалуы кездейсоқ емес. Степногорск өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық маңызға ие.

Жұмыс сапары барысында кеңеске қатысушылар жылумен жабдықтау нысандарының жай-күйімен және қаланың алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығымен танысты. Негізгі назар жылу желілерін жөндеуге, қазандық жабдықтарын жаңартуға және энергиямен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге аударылды.

Степногорск қаласында жылу желілерін ауқымды реконструкциялау жұмыстары жалғасуда. Бірінші кезек бойынша жоспарланған 8,5 шақырымның 7,4 шақырымы немесе 87%-ы жөнделді. Жұмыстарды қыркүйек айының ортасына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар магистральдық жылу желісін жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде ағымдағы жылға жоспарланған жұмыстардың жартысы орындалды.

Степногорск ЖЭО-сында да жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Мұнда қазандықтар, турбиналар, түтін мұржалары мен күл құбырларына жөндеу жүргізілуде. Бүгінде бір қазандық пен бір турбинаны жөндеу жұмыстары аяқталып, екі түтін мұржасы қалпына келтірілді. Сондай-ақ ұзындығы 7,5 шақырым болатын жылу трассасы толық төселді.

Жұмыс сапары аясында Ақкөл қаласындағы блокты-модульдік қазандықтарға да барылды. Нысандардағы жұмыстардың барысы мен жабдықтардың алдағы жылыту маусымына дайындығы тексерілді. Қалада Абай көшесінде және «Орталық» блокты-модульдік қазандықтарының құрылысы жүргізілуде. Бірінші нысанның дайындығы 90%-ды, екіншісінікі 40%-ды құрайды. Жұмыстарды қыркүйек айында аяқтау жоспарланған.

Жалпы, облыста қысқа дайындық бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде. Биыл өңірде 38,2 шақырым жылу желісін реконструкциялау жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 27,6 шақырымы немесе 70%-ы орындалды. Сонымен қатар 26 қазандықты ауыстыру көзделген, оның 20-сы орнатылды.

Щучинск қаласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мұнда бірнеше қазандықтың жылу желілері реконструкциялануда. Атап айтқанда, №20 қазандықтың жылу желілеріндегі 6 шақырымның 5 шақырымы жөнделді. Жұмыстарды қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр.

Көкшетау қаласында Саин және Потанин көшелеріндегі жылу желілерін реконструкциялау жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар аудандық қазандықтардың жабдықтарын жөндеу жалғасуда. №9 қазандықтағы №2 аудандық қазандықта электр сүзгісін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

Атбасар қаласында жылу желілерін реконструкциялау жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен бірге орталық қазандықты жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сандықтау ауданындағы Балкашино ауылында блокты-модульдік қазандықтың құрылысы аяқталу сатысында. Нысанның дайындық деңгейі 80%-ды құрайды, қалған жұмыстарды жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау жоспарланған.

Макинск қаласында блокты-модульдік қазандықтардың бірінде сегіз қазандықты ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа жабдықтар Жақсы, Жарқайың, Егіндікөл, Есіл және Шортанды аудандарында да орнатылуда. Қосшы қаласында қазандық жабдығын қуатын арттыра отырып жаңғырту жұмыстары жалғасуда, ал Шантөбе кентінде жылу желілері жөнделуде.

Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй қорының дайындығы да басты назарда. Бүгінде жылыту маусымына денсаулық сақтау саласының барлық 517 нысаны дайын. Білім беру саласындағы 406 нысанның 376-сы немесе 92%-ы жылу қабылдауға дайын. Өңірдегі көппәтерлі тұрғын үйлердің 87%-ы жылыту маусымына дайындалды.

Коммуналдық қазандықтарға арналған отын қорын қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Аудандар мен қалаларда көмір жеткізу бойынша шарттар жасалып, отын қорын жинақтау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар энергия көздерін қажетті көлемде мазутпен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде.

Электр желілерін жылыту маусымына дайындау да маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Энергия беруші ұйымдар электр желілері мен қосалқы станцияларды жөндеу жұмыстарын жалғастыруда. Жөндеу науқанының қорытындысы бойынша электр желілерінің тозу деңгейін одан әрі төмендету көзделген.

Алдағы апталарда негізгі назар жөндеу жұмыстарын аяқтауға, жылу жүйелерін шаю мен гидравликалық сынақтан өткізуге, отынның нормативтік қорын жинақтауға және дайындық паспорттарын алуға аударылады. Барлық іс-шара белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс және тұрақты бақылауда болады.