Ақмола облысында жаңа Конституцияның энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының жұмысына ықпалы талқыланды

Ақмола облысында жаңа Конституцияның энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының жұмысына ықпалы талқыланды

Ақмола облысында 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияның ережелерін іс жүзінде енгізу жұмыстары жалғасуда. Осыған орай облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында жұмыс кеңесі өтіп, жаңа конституциялық нормалардың ведомство қызметіне және халықпен жұмысты ұйымдастыруға ықпалы талқыланды.

Кеңес барысында заңдылық қағидаттарын сақтау, мемлекеттік басқарудың ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға қатысты Конституцияның негізгі нормалары қаралды. Сондай-ақ коммуналдық қызметтерді көрсету, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындармен өзара іс-қимыл бағытында конституциялық талаптарды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Басқармада атап өткендей, жаңа Конституция мемлекеттік басқару жүйесінің барлық саласына ортақ бағыт-бағдар айқындайды. Осыған байланысты энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобаларды іске асыру кезінде қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын сақтау және мемлекеттік міндеттемелерді сапалы орындау басты басымдықтардың бірі болмақ.

Кездесу барысында қызметкерлер ішкі жұмыс үдерістерін одан әрі жетілдіру, тұрғындардың өтініштерін уақытылы қарау және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру мәселелерін де талқылады. Сонымен қатар Конституцияда бекітілген өзгерістер тек нормативтік құжаттарда ғана емес, әрбір мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмысында нақты көрініс табуы тиіс екені айтылды.

Кеңес қорытындысында қатысушылар жаңа Конституцияның нормаларын тиімді іске асыру мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға және өңірдің коммуналдық инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстардың нәтижелілігін күшейтуге ықпал ететінін атап өтті.