
Бұған дейін Целиноград ауданында электрмен жабдықтау өңірдегі ең өзекті мәселелердің бірі болып келген. Жиі болатын жарықтың өшуі, кернеудің ауытқуы, тозығы жеткен желілер мыңдаған тұрғындарға қолайсыздық туғызатын. Бүгінде жағдай түбегейлі өзгерді: инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту нәтижесінде аудан бұл проблемадан іс жүзінде толық арылып, электрмен қамту тұрақты режимге көшті.
Бұл – өңірдің ең жылдам өсіп келе жатқан аудандарының бірі. Жанында астана орналасқан, жеке құрылыс қарқынды дамуда, кәсіпорындар мен халық саны артуда. Сондықтан сенімді энергетикалық жүйені дамыту жергілікті билік үшін басым бағытқа айналды.
Бұрын желілердің басым бөлігі жекеменшік компаниялардың қарамағында болғандықтан, оларды күтіп ұстауда қиындықтар туындады. Ахпаратқа сүйенсек, жағдай Целиноград аудандық әкімдігі электр желілерін «Ақмола ЭТК» АҚ басқаруына беруді бастамалағаннан кейін өзгерген. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, бұл шешім – көп жыл бойы қордаланған мәселені шешудің негізгі қадамы болған.
Жарқын мысалдардың бірі – Қаражар ауылы. Мұнда тұрғындар тұрақты электр желісіне қосылуды 20 жылдан астам уақыт күткен.
«Қаражарда ұзындығы 30 шақырымнан асатын электр желілері іске қосылуға дайын. Қабылдау актісін қараша айының соңына дейін қол қоюды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Ақмол ауылында шамамен 36 шақырым электр желісінің құрылысы аяқталып келеді. Соңғы «Бақыт» шағын ауданы да жақын уақытта энергия беруші ұйымға тапсырылмақ. Бұдан бөлек, Коянды, Қызылсуат, Ыбырай Алтынсарин, Нүресіл және Қаражар ауылдарындағы нысандарға қатысты жер актілерін рәсімдеу аяқталды», – деп хабарлады Целиноград ауданы әкімдігі.
Жыл соңына дейін бірден үш елді мекенде – Қараоткөл, Қаражар және Ақмолда – жаңа электр желілері пайдалануға беріледі. Қараоткөлде негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған, 50 шақырымнан астам желі тартылып, «Ақмола ЭТК» АҚ желілеріне қосуға өтінім берілді.
Үлкен өзгерістер Коянды ауылында да жүріп жатыр. Мұнда электрлендірудің ең ауқымды жобаларының бірі іске асуда. Барлық трансформаторлық қосалқы станциялар орнатылып, желілердің шамамен жартысы тартылды. Жобаны келесі жылы толық аяқтау жоспарланған. Былтыр мұнда «Коянды Оңтүстік» қосалқы станциясы іске қосылып, 3 мың үйді тұрақты электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Жекеменшіктегі желілерді мемлекеттік басқаруға беру тек электрмен қамтудың сенімділігін арттырып қана қоймай, тарифті де төмендетуге мүмкіндік береді – 40 теңгеден 28 теңгеге дейін.
Биыл арнайы жоспар бекітіліп, оның аясында Рахымжан Қошқарбаев және Софиевка ауылдарындағы жаңа құрылыс аудандарының желілері «Ақмола ЭТК» АҚ-қа тапсырылды. Жұмыс комиссиясы құрылып, жаңа қосалқы станциялар мен нысандарға қатысты тексеріс жүргізіп, қабылдау актілерін дайындауда.
Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының мәліметінше, желілерді энергия таратушы компаниялардың сенімгерлік басқаруына беру тәжірибесі облыстың басқа аудандарына да таратылмақ.
Осы жұмыстың нәтижесінде Целиноград ауданы қысқа мерзім ішінде нысандарды тапсыруды ұйымдастырудың, үйлесімді жұмыстың және тиімді басқарудың айқын үлгісіне айналды.