Ақмола облысы халықты 100% сумен қамту бойынша мәрелік кезеңде.

Ақмола облысы халықты 100% сумен қамту бойынша мәрелік кезеңде.

Өңір халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша ең маңызды әлеуметтік міндеттердің бірін шешуде мәрелік кезеңге шықты. Қараша және желтоқсан айларында негізгі нысандар пайдалануға беріліп, өңірдің барлық тұрғындары – ірі қалалардан бастап ең шағын ауылдарға дейін – орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізеді.

Президент тапсырмасын жүзеге асыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінде қалаларда сумен қамту деңгейі 99 пайызды, ауылдық жерлерде 98,2 пайызды құрайды. Жыл соңына дейін көрсеткіш 100 пайызға жетеді. Қосшы, Көкшетау, Макинск және Ерейментау қалаларында ірі нысандардың құрылысы аяқталуға жақын. Көкшетауда (Станционный кенті) құрылыс толық аяқталды, Макинскіде – 96 пайыз, Қосшыда – 85 пайыз, Ерейментауда – 80 пайыз дайын.

Ауылдық жерлерде 36 елді мекенде су құбыры желілерінің құрылысы жүргізілуде. 16 ауылда су үйлерге берілді, тағы 20 ауылда жұмыстар аяқталу үстінде. Халқы 200 адамнан аз шағын ауылдарда заманауи су тазарту блок-модульдері орнатылып, ең шалғай ауылдардың өзінде қауіпсіз ауыз суға қол жеткізу мүмкін болды.

Зеренді ауданының Садовое ауылында, шамамен 700 адам тұратын елді мекенде, 30 жылдан астам уақыт орталықтандырылған су болмаған. Қазір мұнда жаңа су құбыры салынды, және ауыл тұрғындары алғаш рет таза суды пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Ұқсас өзгерістер Ақкөл ауданының Қына ауылында да орын алды.

«Көп жыл бойы осы күнді күттік. Енді бізде қаладағыдай су құбыры бар. Бұл жай ғана қолайлылық емес – бұл балаларымыздың денсаулығы, бұл жайлылық, ауылдың дамуы», – деді Қына ауылының тұрғыны Жұлдыз Мұсафирова.

Сонымен қатар, су берілген елді мекендерде судың сапасын жақсарту жұмыстары қатар жүргізілуде. Жеті ауылда желілерді жаңғырту толық аяқталды, тағы он ауылда модернизация жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл облыстың ондаған мың тұрғыны үшін су сапасын едәуір жақсартады.

Облыс орталығына да ерекше назар аударылды. Тамыз айында Көкшетауда жаңа су тазарту құрылыстары іске қосылды. Пайдалануға беру және желілерді жуу жұмыстары аяқталғаннан кейін тұрғындар судың сапасы жақсарғанын атап өтуде. Жыл соңына дейін станциялар толық қуатқа шығып, қаланы тұрақты сумен қамтамасыз етеді.

Ақмола облысы – халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі Президент тапсырмасын іс жүзінде толық орындаған елдегі алғашқы өңірлердің бірі.