Зеренді ауданында су құбырлары желілерін салу және жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. Бұл жобалар Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында және заңсыз шетелге шығарылған активтерді елге қайтару есебінен қаржыландырылуда. 2025 жылы осы бағыттағы 13 жобаға 6,5 млрд теңге бөлінді.
Бағдарламаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және халықты таза ауызсумен тұрақты қамтамасыз ету.
Бүгінгі таңда ауданның төрт елді мекенінде — Васильковка, Өзен, Заречное және Садовое ауылдарында жұмыстар толық аяқталды. Қазір су үйлерге тұрақты түрде беріліп жатыр.
Васильковка ауылында 494 адам тұрады. Мұнда ұзындығы 12,5 шақырым болатын жаңа су құбыры желілері пайдалануға беріліп, ауылдағы ауызсу мәселесі толығымен шешілді.
Өзен ауылында (505 тұрғын) ұзындығы 15,9 шақырым су желісі салынды, жоба сәтті аяқталды.
Заречное ауылында 375 адам тұрады. Мұнда алғаш рет орталықтандырылған су жүйесі құрылып, тұрғындар таза суды үздіксіз пайдалануға мүмкіндік алды.
Садовое ауылында ұзындығы 9,4 шақырым су құбыры желісі салынды, су беру қалыпты режимде жүзеге асырылуда.
Қалған тоғыз жоба бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Олардың толық іске асуы аудан халқының сапалы ауызсумен қамтылу деңгейін едәуір арттырады.
Бағдарлама ауылдық жерлердегі санитарлық-тұрмыстық жағдайды жақсартып қана қоймай, қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты азайтуға, әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтуға және ауыл тұрғындарына жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға ықпал етпек.