Ақмола облысында электрмен жабдықтау сапасы артып, көше жарығы жүйесі дамуда

Ақмола облысында электрмен жабдықтау сапасы артып, көше жарығы жүйесі дамуда

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бақытбек Жапаев аймақта электрмен жабдықтау және көше жарығы жүйесін дамыту бойынша атқарылып жатқан кешенді жұмыстар туралы баяндады.

Оның айтуынша, бұл мәселелерге назар аудару – халықтың қолайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. «Біздің міндетіміз – қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртып қана қоймай, тұрғындарға сапалы әрі үздіксіз қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін жаңа нысандарды салу», – деді спикер.

2024 жылы Целиноград ауданының Қоянды ауылында 110/35/10 кВ «Қоянды Оңтүстік» және Бурабай ауданында 35/10 кВ «Боровская» қосалқы станциялары іске қосылды. Бұл электр энергиясы тапшылығын жойып, астананың іргесіндегі 30 мыңнан астам тұрғынды және Бурабайдың туристік аймағындағы 3 мың абонентті тұрақты электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Бұл бағыттағы жұмыс биыл да жалғасуда. Электрмен жабдықтау сапасын жақсартуға 3,7 млрд теңге қарастырылған, оның 2,4 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 1,3 млрд теңгесі облыстық бюджеттен бөлінді. Целиноград ауданының төрт елді мекенінде – Қараөткел, Қоянды, Қаражар және Ақмол ауылдарында жаңа электр желілері салынады. Жаңа желілердің жалпы ұзындығы 240 шақырымнан асады.

Сонымен қатар, Аршалы ауданының Қостомар ауылында ұзындығы 72 шақырымдық электр желісінің құрылысы жүргізілуде. Жоба құны – 2,3 млрд теңге, оның аяқталуы келесі жылға жоспарланған. Бұл жобалардың нәтижесінде шамамен 9 мың абонент сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ жеке трансформаторлық қосалқы станцияларға тәуелділік жойылып, тұтынушылар үшін тариф 40 теңгеден 28 теңгеге дейін төмендейді.

Көше жарығын орнату жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Биыл бұл мақсатқа 400 млн теңге бөлінді. Астрахан, Бурабай, Есіл және Ерейментау аудандарында жеті жоба іске асырылуда. Жыл қорытындысымен алты нысан пайдалануға берілмек.

«Алғашқы нәтижелерін қазірдің өзінде көріп отырмыз. Бурабай ауданындағы Наурызбай батыра және Атамекен ауылдарында ұзындығы 9 шақырым болатын көше жарығы желілері салынып, халықтың өмір сапасы жақсарды, қауіпсіздік деңгейі артты», – деп атап өтті Жапаев.

Осылайша, электрмен жабдықтау желілерін жаңғырту және көше жарығы жүйесін дамыту өңірдің басым бағыттарының бірі болып отыр. Жоспарланған жобалардың аяқталуы инфрақұрылым сенімділігін айтарлықтай арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасайды.