Ақмола облысында 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында атап өткендей, коммуналдық кәсіпорындардың дер кезінде және сапалы дайындалуы қыс мезгілін апатсыз өткізуге кепіл болады.
Биылғы жылы аталған жұмыстарға 43 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Қаржы негізгі бағыттар бойынша жұмсалды: 10,2 млрд теңге – 11 инвестициялық жобаға, 6 млрд теңгеден астамы – көмір мен мазут сатып алуға, 15,5 млрд теңге – коммуналдық нысандарды жөндеуге, тағы 11,4 млрд теңге – «АРЭК» АҚ мен «Көкшетау Энерго» ЖШС-нің жөндеу науқанына бағытталды.
Биыл аймақта бес маңызды жоба іске қосылады: Көкшетаудағы күл үйіндісі, автоматтандырылған мониторинг жүйесі және технологиялық процестерді басқару жүйесі, Ақкөлдегі төрт тұрғын үйге арналған қазандық, сондай-ақ Ерейментаудағы №5 қазандықтың резервтік желісі. Нәтижесінде 8 мыңнан астам абонент сапалы жылумен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, өңірде төрт блок-модульді қазандық орнату жоспарланған. Олар Ақкөл, Егіндікөл, Шортанды аудандарында және Көкшетау қаласының Қызыл Яр ауылында орналасады. Оның ішінде екеуі іске қосылды, қалған екеуі төртінші тоқсанда аяқталады.
Жыл сайынғы қазандық агрегаттарын ауыстыру бағдарламасы да орындалуда. Облыстағы 90 коммуналдық қазандықта шамамен 300 қазан бар. Биыл 59 қазанды ауыстыру жоспарланған еді, олардың барлығы орнатылды, тек Аршалы ауданында үш жанарғыны толықтыру ғана қалды.
Сонымен қатар, ұзындығы 9,7 шақырым болатын жылу желілерін жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Жөндеу Аршалы, Астрахан, Егіндікөл, Ерейментау және Жарқайың аудандарында жүргізілді. Көкшетау, Степногорск және Атбасар қалаларында ұзындығы 17,2 шақырым жылу желілерін қайта құру жұмыстары жалғасуда. Бүгінде орындалу деңгейі 99,5% құрайды: Көкшетаудағы Саин және Потанин көшелеріндегі учаскелер, Атбасарда ұзындығы бір шақырымнан астам желілер толық аяқталды, ал Степногорскідегі магистральдық желілер 15 шақырымнан астам жөнделіп, қайта құрылды.
Мамандардың есептеуінше, атқарылған жұмыстар жылу желілерінің тозу деңгейін 39%-дан 37%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Энергетика және ТКШ басқармасы жылыту маусымына дайындық барысына тұрақты мониторинг жүргізіп отырғанын және қабылданған шаралар қыс мезгілін тұрақты өткізуге жағдай жасайтынын атап өтті.