Ақмола облысы халықты ауыз сумен қамтамасыз етуде мәрелік кезеңге шықты

Ақмола облысы халықты ауыз сумен қамтамасыз етуде мәрелік кезеңге шықты

Ақмола облысында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аяқталуға жақын. Биылғы жылы осы мақсаттарға 36 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Жыл соңына дейін облыстың төрт қаласы мен 36 ауылында жұмыстарды аяқтау жоспарланып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Бақытбек Жапаев хабарлады.

Жоба аясында су құбырлары желілерін салу және реконструкциялау, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу, іздестіру-бұрғылау жұмыстары, ағымдағы жөндеу, сондай-ақ су тазартудың кешенді блок-модульдерін орнату сияқты толық жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінгі таңда облыс қалаларындағы халықтың 99%-ы, ауылдық елді мекендердің 96,6%-ы ауыз сумен қамтылған. Қалаларда 100%-дық көрсеткішке шығу үшін жыл соңына дейін Қосшы, Көкшетау, Макинск және Ерейментау қалаларындағы төрт жобаны аяқтау көзделіп отыр. Бұл мақсаттарға республикалық, облыстық бюджеттер мен Арнайы мемлекеттік қордан 3,8 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Қыркүйек айындағы жағдай бойынша Көкшетаудағы жұмыстардың 90%-ы, Қосшыда – 85%-ы, Макинскіде – 75%-ы, Ерейментауда – 40%-ы орындалған. Жобаларды аяқтау осы жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған.

"Ауыл тұрғындарын сумен қамтуға ерекше назар аударылуда. Биыл 36 ауылда су құбырлары желілерін салу жұмыстары аяқталуы тиіс. Оның ішінде алты елді мекенде жұмыстар толық аяқталды. Олар: Астрахан ауданындағы Қамыщенка, Бұланды ауданындағы Үлгі, Зеренді ауданындағы Васильковка, Садовое және Троицкое, Бурабай ауданындағы Шиелі. Бұл шамамен 4 мың тұрғынды сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Қалған 20 ауылдағы жұмыстар аяқталу сатысында, ал қалған нысандарда жұмыстар кестеге сәйкес жүріп жатыр", – деді басқарма басшысы.

Халқы 200 адамнан аз шағын ауылдарда су тазартудың кешенді блок-модульдері орнатылуда. Биыл олардың 40-ы іске қосылды, жыл соңына дейін тағы екеуін орнату жоспарланған. Соның арқасында қосымша 6 мыңнан астам ауыл тұрғыны таза ауыз суға қол жеткізді.

Сондай-ақ сумен жабдықтау сапасын жақсартуды қажет ететін ауылдар да назардан тыс қалған жоқ. Су құбыры желілерін қайта жаңғыртуға 13 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда жеті елді мекенде жұмыстар аяқталды. Олар: Ақкөл ауданындағы Қына және Талқара, Бурабай ауданындағы Баянбай мен Николаевка, Бұланды ауданындағы Партизанка, Есіл ауданындағы Знаменка және Шортанды ауданындағы Шортанды ауылы. Нәтижесінде 10 мыңға жуық тұрғынның ауыз су сапасы жақсарды.

30 тамыз күні Көкшетау қаласында құны 7 млрд теңгені құрайтын жаңа су тазарту құрылыстары пайдалануға берілді. Енді облыс орталығының тұрғындары толық көлемде сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді.