Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары барысында Степногорск қаласындағы бірқатар нысандарды аралап, қаланың активімен кеңес өткізді. Кеңесті ашқан өңір басшысы ерекше назар аударуды қажет ететін бірқатар міндеттерді атап өтті.
«Жалпы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы оң қарқынға ие, негізгі көрсеткіштерге қол жеткізілді. Алайда өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы және тұрғын үйді пайдалануға беру көлемдерінен басқа бағыттарда өсім бар. Қаланың облыс көлеміндегі өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі – 23%. Дегенмен үшінші жыл қатарынан өнеркәсіп көрсеткіштерінің төмендеуі мен инвестиция тартудың төмен деңгейі байқалады», – деді Марат Ахметжанов.
Кеңестің басты мәселелерінің бірі – алдағы жылыту маусымына дайындық болды. Қала әкімі Ғайдар Қасеновтің айтуынша, ең алғашқы әрі ауқымды бағыт – ЖЭО-ны жөндеу.
Биыл бұл мақсатқа кәсіпорынның өз қаражаты есебінен 7,5 млрд теңге бөлінген. Жұмыстарға қазан агрегаттарын, газ өткізгіштерді және бас түтін мұржасын күрделі жөндеу кіреді. Бұл тек жабдықтың техникалық сенімділігін ғана емес, сонымен қатар оның энергия тиімділігін арттырып, болашақта шығындарды азайтып, степногорлықтардың үйлеріне тұрақты жылу жеткізуге мүмкіндік береді. Үкімет резервінен магистральдық жылу желілерін жөндеуге 2,7 млрд теңге бөлініп, тарату желілері қайта құрылуда және ішкіқалалық желілерге күрделі жөндеу жүргізілуде.
Марат Ахметжанов қаланы қысқа дайындауда жүйелі жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, стратегиялық нысандардағы жөндеу жұмыстарынан бастап тұрғын үйлерге жылу беруге дейінгі процестерді қамту қажеттігін айтты.
Сондай-ақ қаладағы абаттандыру мәселелері қаралды. Өңір басшысы жұмыс сапары аясында аулаларды тазалау сапасының төмендігі мен жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстарының әлсіздігіне назар аударып, еріктілер мен тұрғындарды тарта отырып, соның ішінде Бестөбе кентінде де сенбілік өткізуді тапсырды.