Ақмола облысында су құбыры желілерін салу мен қайта жаңарту жұмыстары белсенді жүріп жатыр, заманауи блок-модульдік станциялар орнатылуда, қалалардағы ірі жобалар аяқталуға жақын, ал ауылдық жерлерде ондаған жаңа нысандар іске асырылуда. Мұның бәрі Мемлекет басшысының әрбір өңір тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған.
Бүгінде облыста ауыз сумен қамту деңгейі жоғары: қалаларда – 99%, ауылдарда – 96,6%. Дегенмен билік бұл көрсеткішке тоқмейілсімей, әрбір тұрғынның таза суға тұрақты қолжетімділігін қамтамасыз етпейінше, жұмыстың тоқтамайтынын атап өтеді. Бұл ауқымды міндетке барлық деңгейдегі әкімдіктер тартылған, олар тозығы жеткен желілерді жаңарту, жаңа нысандар салу және заманауи су тазарту технологияларын енгізу сияқты ағымдағы мәселелерді де қатар шешіп отыр.
«Қалаларды жүз пайыз қамту үшін биыл бірқатар ірі жобаларды аяқтау қажет. Жұмыстар Көкшетауда жалғасуда, мұнда Станционный кентінде нысанды «Көкшетаугидрогеология» АҚ жүзеге асыруда. Қосшыда су құбыры желісінің төртінші кезегі аяқталуға жақын, мердігер – «Мелиоратор» ЖШС. Сонымен қатар, Макинскіде «УниверсалСтройСервис» ЖШС және Ерейментауда «Қостанайсельхозводопроводстрой» ЖШС жұмыс істеп жатыр. Бұл жобалар жаңа шағын аудандарды сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, қалалардың дамуы үшін қосымша резерв жасайды», – деп хабарлады Ақмола облысының энергетика және ТКШ басқармасы.
Негізгі жұмыс ауылдық жерлерде қарқынды жүруде. Өңірде барлығы 589 ауыл бар, оның 407-і орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. 87 ауылда кешенді блок-модульдік станциялар жұмыс істейді, тағы 87 ауылда су децентрализованды жүйемен беріледі, ал сегіз ауылда су әлі де тасымалданады. 2025 жылы билік тұрақты таза су көзі жоқ 95 ауылдың мәселесін шешуге басымдық беріп отыр. Бұл – децентрализованды жүйедегі 87 ауыл және су цистернамен жеткізілетін 8 ауыл. Биыл 36 ауылда жаңа су құбыры желілерін салу, 42 ауылда блок-модуль орнату жоспарланған.
Салалық ведомствоның мәліметінше, бірқатар жобалар өткен жылдан ауысқан – 17 елді мекенде жұмыс бұрын басталған және жалғасуда, 19-ында құрылыс биыл ғана басталды. Заманауи блок-модульдік станциялар орнату арқылы 5,7 мыңнан астам адам алғаш рет таза ауыз суға қол жеткізеді. Сонымен қатар, блок-модуль орнатылуы қарастырылған 17 ауылдың 12-сі әкімшілік тұрғыдан таратылмақ, ал бес ауылдың тұрғындары модульдерден бас тартқан, бірақ бұл жағдайлар жалпы жоспарға әсер етпейді.
Облыс әкімдігінде бұл тек құбыр төсеу мен жабдық орнату емес екенін айтады. Бұл – қомақты қаржы мен министрліктердің, мердігерлердің және жергілікті биліктің үйлесімді жұмысын талап ететін үлкен бағдарлама. Жоспарланған жобалардың барлығын кезең-кезеңімен жүзеге асыра отырып, өңір басты мақсатқа – Ақмола облысының барлық тұрғынын таза ауыз сумен қамтуға қол жеткізбек.