2028 жылдың соңына қарай Көкшетауда жаңа жылу электр орталығын (ЖЭО) іске қосу жоспарланып отыр – бұл бүгінде Үкімет мақұлдаған жалғыз жоба және оны ел өз күшімен жүзеге асырады. Бүгін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов болашақ станция алаңында жобаның тапсырыс берушілерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы құрылыс кезеңдерін талқылады.
Жаңа ЖЭО – өңір үшін стратегиялық жоба. Ол Көкшетауда жылу мен электр энергиясының көп жылдан бергі тапшылығын шешіп, қаланың әрі қарай дамуына негіз болады. Құрылысты аяқтау 2028 жылдың соңына, ал станцияны пайдалануға беру – 2029 жылдың ақпанына жоспарланған.
ЖЭО қуаты 270 мегаватт электр энергиясын және 520 гигакалория жылу өндіруге мүмкіндік береді. Мұнда әрқайсысы сағатына 600 тонна бу өндіретін үш қазан, 135 МВт-тық екі турбогенератор және төрт қазандық қондырғы орнатылады. Бұл көрсеткіштер қаланың қазіргі және болашақтағы қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге жеткілікті.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов станция құрылысы қала үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті:
«Бүгінде Көкшетауда жылу тапшылығы байқалады, бұл жаңа тұрғын үй кешендері мен кәсіпорындарды қосуға кедергі келтіреді. ЖЭО іске қосылған соң бұл шектеулер жойылып, қала жаңа серпін алады. Біз газ қондырғыларына барынша жақын технологияларды қолданамыз, ал шығарындылар қазіргі қазандықтармен (РК-1, РК-2) салыстырғанда 10 есе азаяды. Құрылысқа шамамен екі мың жергілікті жұмысшы тартылады, ал станция іске қосылған соң 400 тұрақты жұмыс орны пайда болады», – деді өңір басшысы.
«Самрук-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсутов та жобаға қатысты пікір білдіріп, нысанның ұзақ мерзімді перспективаға бағытталғанын айтты:
«Көкшетау ЖЭО-сы мемлекеттің меншігіне өтеді және «Самрук-Энергоның» балансында болады. Біз энергия тиімділігі мен экология талаптарына толық сәйкес келетін заманауи жабдық орнатып жатырмыз. Болашақта қажет болған жағдайда өңірді қосымша қуатпен қамтамасыз ету үшін станцияны кеңейту мүмкіндігі қарастырылуда», – деп атап өтті Мақсутов.
Жобаның аясында тек станция салу ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылым құру да қарастырылған. Меморандумға сәйкес «Самрук-Энерго» энергетиктерге арналған тұрғын қалашық салып, онда жұмысшылар мен инженерлік құрамға пәтер береді.
Кездесу барысында өңір басшысы құрылыс жұмыстарымен қатар кадр даярлауға да ерекше көңіл бөлініп жатқанын айтты. Биылдың өзінде облыс әкімдігі энергетикалық жоғары оқу орындарында студенттерді оқыту үшін мақсатты гранттар бөлді.
«Құрылыстан бөлек, станцияда жұмыс істейтін болашақ кадрларды да ойлау маңызды. Біз бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мысалы, Степногорск қаласында облыс әкімдігі желісі бойынша 10 грант бөлініп, студенттер білім алып, туған жеріне оралып жұмыс істей алады. Оқыған кезеңінде олар кәсіпорында ақылы тәжірибеден өтіп, жалақы алады», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.