Захарченко Раиса Григорьевна 1934 жылы Қазақстанның Ақмола облысы Атбасар ауданы қазіргі Есенгелді ауылында дүниеге келген.
Соғыс басталғанда Раиса Григорьевна не бәрі 7 жаста еді. Бақытты да жеңіл алаңсыз балалық шақтан айырылып, тез есейуге тура келді. Өмірді әлі түсінбеген Раиса апамыз, әкесі балаларын құшағына алып, беттерінен сүйіп, қайтып оралуға уәде берген күні - әкесін соңғы рет көруі екенін қайдан білсін, отбасы болып соғысқа шығарып салды. 1941 жылы неміс халқын қоныстандыру жүргізілді. Бір сәтте туған ауылы қоныстанушы неміс отбасыларына тола бастады, әр үйге бір отбасы орналастырылды. Уйдің іші бала-шағаға толды, мұндай қиын жағдайда үйдің тарлығы сезілмейтін. 7 жаста болсада туған ауылына көмектесуге тырысып, кішігірім тапсырмаларды орындайтын, қойдың жүнін жуып, тазалап, таяқпен ұрып, өңдеуге көмектесіпті. Дайындалған жіптен фронтқа деп шұлық пен қолғап дайындаған екен. 10 жасында бригадирге бағынып, күн сайын жоспарлы жұмыс атқаратын, далада бұқаның көмегімен жер жыртып, шөп шауып қолдан келгенше көмектескен екен. 12 сағат жұмыс істеседе жылы сөз естімейтінбіз дейді. Раиса Григорьевна 10 жаста болғанымен жұмыстың ауыртпалығына шағымдана алмады, өйткені 4 бауыры кіші еді, ақы ретінде бір қап бидай береді, оны диірменге өткізіп ұнға айналдырады екен. Өмірдің қиыншылығы соғыстан кейін де жалғасты, туған ауылын көтеруге көмектесіп, тың жерлерді игеру керек еді. Тағдырдың жазғанымен бүгінгі күнге де жетті. Раиса Григорьевна апамыз өткен күндерін еске алу қиын екенін, соғыстың өзін көрмеседе, соғыс салдары қандай жағдайға әкелетінін ескерте қайталай берді. Әңгімесін аяқтай отырып, аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын деген батасын берді.