2025 жылдың 14–20 сәуірі аралығында Түркістан қаласында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында республикалық деңгейдегі Спартакиада өтті. Бұл айтулы додаға еліміздің 20 өңірінен келген 200-ге жуық студент қатысып, өзара бақ сынасты.
Жарыс барысында түрлі спорт түрлері бойынша үздіктер анықталды. Қыздар арасындағы баскетбол бәсекесінде «Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжі» 2-орын иеленіп, тамаша ойын өрнегін көрсетті. Ал жасөспірімдер арасындағы шағын футбол сайысында да аталған колледждің командасы екінші орынды жеңіп алды.
Үстел теннисі бойынша (ұлдар мен қыздар арасында) «Щучинск қаласындағы Жоғары педагогикалық колледж» командасы 2-орынды қанжығасына байлады. Сондай-ақ, шахмат турнирінде «Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті жанындағы көпсалалы колледж» командасы 3-орынды иеленді.
Бұл жарыс – жас спортшылардың кәсіби шеберлігін шыңдап қана қоймай, еліміздің әр өңірінен келген дарынды жастардың басын қосқан маңызды шара болды.