24-27 қаңтар аралығында Ақмола облысының 492 жалпы білім беретін мектебінде 95 мыңға жуық оқушыға қаржылық қауіпсіздік бойынша ашық сабақтар өткізілді. Аталған іс-шаралар «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды. Тұжырымдамада қаңтар айы «Заң және тәртіп» бағытына арналған.
Ақпараттық жұмысты Ақмола облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Ақмола облысының білім басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты-оқушылардың заманауи қаржылық тәуекелдер туралы хабардарлығын арттыру және олардың қаржылық сауаттылығын дамыту.
Ұйымдастырушылардың айтуынша теориялық материалдар мен бейнероликтер қатысушылардың материалдық мүлкін түрлі қиыншылықтардан: жоғалту, бүліну, ұрлық, алаяқтық және басқа да тәуекелдерден қорғау мәселелеріне бағытталған.
Материал оқушылардың әр жас санаты үшін жеке есептелген:
- 5-7 сыныптар үшін «Цифрлық гигиена» тақырыбы;
- 8-9 сыныптар үшін «Алаяқтық және онлайн-шопинг»тақырыбы;
- 10-11 сыныптар үшін «Дропперлер» тақырыбы анықталды.
Теориялық материалды Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ҚР Қаржы мониторингі агенттігі мамандарының қатысуымен әзірледі.