2024 жылғы 26 қарашада Көкшетау қаласының жоғары техникалық колледжінің базасында 50-ге жуық адамның қатысуымен «Саналы ұрпақ» студенттік клубтарының облыстық слеті өтті.
Облыстық слеттің мақсаты қоғамда сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, жастар арасында адалдық пен парасаттылыққа тәрбиелеу болды.
Слет жыл сайын «Саналы урпак» жастар қозғалысының белсенділерін жинайды. Биыл слет Ақкөл, Астрахан, Атбасар, Бурабай, Сандықтау аудандары мен Көкшетау қалаларынан 7 колледждің белсенділері мен «Саналы ұрпақ» клубтарының басшыларын біріктірді.
Облыста барлығы 29 «Саналы ұрпақ» клубы жұмыс жүргізуде, олардың қызметі құқықтық білім мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттауға бағытталған.
Іс-шараға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Сағыныш Аяғанова, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті превенция басқармасының бас маманы Аманжол Құсайынов, Көкшетау қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Бексұлтан Темірболат қатысты.
Слетте парасаттылық идеясы негізінде жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша білім беру, ақпараттық сипаттағы кешенді шаралар айтылды.
«Жеті қазына» зияткерлік ойынын өткізу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихының өзекті мәселелері талқыланды.
Диалог барысында студенттер қоғамның парасаттылығына шақыра отырып, сыбайлас жемқорлық сияқты әлеуметтік зұлымдыққа деген көзқарастарын көрсете отырып, өз дәлелдерін ұсынды.
«Жеті қазына» зияткерлік ойынының қорытындысы бойынша келесі орындар анықталды:
1 орынды Щучинск қаласынан орман шаруашылығы, экология және туризм жоғары колледжінің студенттері иеленді.
2 орын Атбасар қ. аграрлық-индустриялық колледжінің студенттерінде, ал 3 орынды Көкшетау қаласының жоғары техникалық колледжінің студенттері иеленді.
Барлық студенттер естелік алғыс хаттармен, дипломдармен марапатталды. Ал зияткерлік ойын жеңімпаздары конкурсты ұйымдастырушылардан ақшалай сертификаттар алды (50 мың – 1 орын, 40 мың – 2 орын, 20 мың – 3 орын).