100-ден астам ақмолалық оқушы ғылыми жобалар байқауына өз жұмыстарын ұсынды

100-ден астам ақмолалық оқушы ғылыми жобалар байқауына өз жұмыстарын ұсынды

2024 жылғы 18 - 20 қараша аралығында «Ақмола дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы, Құрылыс технологиялық колледжінің базасында 8-11 сынып оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңін өткізді.

Іс-шара оқушылардың ғылыми-зерттеу және оқу-танымдық қызметін ынталандыруға, неғұрлым талантты және дарынды жас зерттеушілерді іріктеуге және қолдауға бағытталған.

Аталмыш байқауға 211 ғылыми жоба ұсынылып, 110 сараптамадан өтті. Бұл байқауға Ақмола облысының барлық 17 аудан, Көкшетау, Степногорск, Қосшы қалалары, облыстық мамандандырылған мектептерден 126 оқушы қатысты.      

Ғылыми жобаларды қорғау төрт бағыт, олардың ішіндегі келесі 16 секциялар бойынша жүзеге асырылды:

- «Ғылыми-техникалық прогресс экономикалық өсудің негізгі буыны ретінде», секциялар: физика, техника, Жер және Ғарыш туралы ғылым;

- «Экономикалық және әлеуметтік үрдістерді математикалық модельдеу», секциялар: математика, қолданбалы математика, информатика, экономика;

- «Салауатты табиғи орта – «Қазақстан-2030» Стратегиясын жүзеге асырудың негізі», секциялар: биология, химия, қоршаған ортаны және адам денсаулығын қорғау;

- «Қазақстанның тарихи ескерткіштері және перспективалы туристік маршруттар», секциялар: тарих, өлкетану, тіл білімі, әдебиет, этномәдениеттану, адам және қоғам.

Байқаудың қорытындысы бойынша 94 оқушы жүлдегер және жеңімпаз атанды: І-дәрежелі дипломмен – 15 оқушы, ІІ-дәрежелі дипломмен – 37 оқушы, ІІІ-дәрежелі дипломмен – 42 оқушы, грамотамен –7 оқушы марапатталды.

Республикалық ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңінде І, ІІ, ІІІ орын алған қатысушылар бейінді пәндер бойынша а.ж. желтоқсан айында екінші турдан (тестілеуден) өтеді.