2024 жылғы 14-20 маусым аралығында Алматы облысы, Райымбек ауданының Қарасаз ауылында жалпы білім беру ұйымдарының 7-11 сынып оқушылары арасында Республикалық «Мұқағали Мақатаев оқулары» байқауы өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты: оқушылар арасында М. Мақатаевтың шығармаларын насихаттау, оқушылардың поэзияға деген құштарлығын арттыру, өлең сөзінің құдіреті мен қуатын жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білуге үйрету.
Шығармашылық байқау 3 номинация бойынша өткізілді:
- «Айтып өткен ақында арман бар ма?» - Бұл номинацияда үміткер М.Мақатаевтың шығармашылығынан жатқа білетін өлеңдерінің тізімін (поэмадан басқа) әкеліп алдын-ала әділ-қазыларға ұсынады.
- «Жыр эстафетасы» - айдарында байқау қатысушылар «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек, Райымбек», «Алтай-Атырау» поэмаларын толық жатқа білуі тиіс.
- «Көкірегімде жыр сәулесі маздайды...» айдары бойынша оқушы өз шығармашылығынан 3-5 шумақтан аспайтын бір өлеңін (кітапшасын ұсынады) қазылардың нұсқауымен оқиды. Оқушы өз шығармасын жатқа оқуы шарт.
Ақмола облысынан республикалық кезеңде «Айтып өткен ақында арман бар ма?» номинациясы бойынша Жуманова Аружан - Аршалы ауданы, Абай атындағы Бұлақсай ауылы №2 жалпы орта білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы қатысты.
Байқау қорытындысы бойынша Аружан Алматы облысы Райымбек ауданы әкімінің 50 000 теңге ақшалай сертификатымен марапатталды.
Құттықтаймыз!