4 мыңнан астам ақмолалық оқушы ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық олимпиадаға қатысты

4 мыңнан астам ақмолалық оқушы ауыл мектептері оқушыларына    арналған республикалық олимпиадаға қатысты

Ақмола облысында ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиаданың бірінші кезеңі аяқталды.

Өткізу қағидаларына сәйкес олимпиада 13 пән бойынша (жаратылыстану–математикалық бағыттағы 6 пән бойынша, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 7 пән бойынша) өткізіледі және 3 кезеңнен тұрады.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 20-28 қараша аралығында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Бейсембаев Ғани Бектайұлының тікелей тапсырмасы бойынша алғаш рет ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың бірінші кезеңі өткізілді.

Ауыл мектептеріне арналған олимпиада Қазақстанның шалғай елді мекендеріндегі дарынды және талантты балаларды анықтауға және дамытуға бағытталған.

Бастапқы кезеңге қатысу үшін оқушылар аuyl.daryn.kz сайтында тіркеліп, нәтижесінде Ақмола облысының шалғай аудандарынан 9-11(12) сынып оқушылары 362 ауылдық мектебінен 4819 оқушы қатысуға ниет білдірді.

Бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша 4535 оқушы қатысты. Олардың ішінде: 9-сынып оқушылары – 2301 оқушы, 10-сынып оқушылары – 1222 оқушы, 11-сынып оқушылары – 1012 оқушы.

Олимпиада «бір компьютер – бір оқушы – бір камера» қағидаты бойынша өткізілді. Олимпиаданың барлық кезеңдерінде оқушылардың аты-жөні әділ-қазылар үшін жасырын болады. Әр кезеңнен кейін тапсырмалардың сканерленген нұсқасы, қатысушылардың жұмыстары мен дұрыс жауаптар орталықтың сайтында жарияланып отырады.

Бірінші кезеңнің қорытындысы қатысушылардың жауаптары толық тексерістен өткеннен кейін шығарылады.

ІІ іріктеу кезеңін желтоқсан айында облыстық білім басқармалары өткізеді. Тапсырмалар дәстүрлі олимпиадалық тапсырмалар түрінде онлайн-платформада беріледі.

Олимпиаданың III кезеңіне ІІ кезеңнің жеңімпаздары (нәтижелерге сәйкес, әр пән мен сынып бойынша екіден артық емес) қатысады: жаратылыстану-математикалық бағыт пәндері бойынша 9-11(12) сынып оқушылары және қоғамдық-гуманитарлық бағыт пәндері бойынша 10-11(12) сынып оқушылары. III республикалық кезеңнің барлық қатысушылары республикалық сырттай мектепке қабылданады. Қорытындысында қатысушылардың жалпы санының 45%-нан құралатын жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Олар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің дипломдарымен марапатталады. I-дәрежелі диплом иегерлері 2024 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысады.