Сәкен Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицейінің қабырғасында Сәкен Жүнісовтың құрметіне арналған мұражай ашылды.
2017 жылы мектепке атақты ақын, жазушы, драматург, сері Сәкен Жүнісовтың есімі берілген уақыттан бастап Сәкен серінің өскелең ұрпаққа тәрбиелік мәні мол қазынасын дәріптеу мақсатында әртүрлі деңгейді іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілді. Бүгін Мәлік Ғабдуллин мұражайымен меморандум негізінде бірлесіп ашылған мұражайда қаламгердің шежіресі, Елбасымен кездесудегі суреттері, жеке құжаттары, заттары, көзілдірігі, портфелі, жазбалар, естеліктер, дипломдар, марапаттары қойылған.
Мұражайдың салтанатты ашылу рәсіміне қаламыздың құрметті азаматтары, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, Қазақстан Республикасы сенаторлар Кеңесінің мүшесі, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, туысқаны, жерлесі атынан Мейрам Ғибадилов, Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Нұртас Ахатұлы және қалалық білім бөлімінің басшысы Дина Башарова қатысты.
«Құрметті қонақтар, әріптестер! Екі мекеменің еселі еңбегінің нәитжесінде ашылған мұражай құтты болсын, өскелең ұрпаққа рухани азық болатынына сенемін» - деді өз сөзінде Мәлік Ғабдуллин мұражайының директоры Құдайберлі Мырзабек. Ол мұражайдың құжаттарын мектеп-лицей директоры Баян Сарсенбаеваға ресми түрде табыстады.
Осылайша, оқушыларға көзі тірісінде пайдаланған заттары арқылы оның екінші өмірін жалғастырып, өзінің туған өлкесін құрметтеуге тәрбиелейтін орынға айналмақ.