
Ақмола облысының білім беру жүйесі оқу процесіне, басқару жұмысына, сондай-ақ педагогтер, білім алушылар мен ата-аналар арасындағы өзара іс-қимылға заманауи технологияларды енгізе отырып, цифрлық форматқа кезең-кезеңімен көшуде.
Облыстың білім басқармасы оннан астам цифрлық платформа мен ақпараттық жүйені пайдаланады. Олар білім беру және басқару процестерінің едәуір бөлігін автоматтандыруға, қағаз құжат айналымын қысқартуға және қажетті ақпаратқа жедел қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Цифрлық экожүйенің негізін 2012 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Ұлттық білім беру деректер базасы (ҰБДҚ) құрайды. Жүйеде облыстың 1365 білім беру ұйымы туралы мәліметтер тіркелген. Деректер базасы дербес ақпаратты қорғау талаптарын сақтай отырып, өзекті мәліметтерге тәулік бойы қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Цифрлық трансформацияның маңызды бағыттарының бірі – педагогтердің кәсіби қызметін цифрландыру. 2024 жылдан бастап барлық мемлекеттік мектептерде педагогтердің кәсіби қызметін мониторингілеуге және педагог қызметкерлерді аттестаттауға арналған «Ұстаз» цифрлық платформасы енгізілуде.
Мектепке дейінгі білім беру саласында балабақшаларды басқаруға және электрондық кезекті жүргізуге мүмкіндік беретін Akmola.kz электрондық сервистері қолданылады. Ал балаларды бірінші сыныпқа қабылдау үдерісін автоматтандыру үшін Oqu.edu.kz жүйесі жұмыс істейді.
Білім беру процесіне электрондық журналдар мен күнделіктерді жүргізу, онлайн сабақтар өткізу, БЖБ және ТЖБ қалыптастыру, оқу жетістіктерін мониторингілеу және есептілікті дайындау сияқты жұмыстарды автоматтандыруға мүмкіндік беретін BilimClass платформасы белсенді қолданылады.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мемлекеттік қызметтерді, колледждер тізілімін және білім беру ұйымын басқару құралдарын біріктіретін College Smart Nation порталы пайдаланылады.
Цифрландыру оқу процесіне ғана шектелмейді. Электрондық құжат айналымын ұйымдастыру және құжаттарды орталықтандырылған басқару үшін MetaDoc жүйесі енгізілді.
Сонымен қатар, облыстың барлық мемлекеттік мектептері BilimLand компаниясының цифрлық білім беру ресурстарына қол жеткізе алады. Бұл педагогтерге оқу материалдарын цифрлық форматта пайдалануға, ал білім алушыларға қосымша білім беру ресурстарына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Ақмола облысындағы білім берудің цифрлық трансформациясы мектепке дейінгі білім беруден бастап техникалық және кәсіптік оқыту жүйесіне дейінгі негізгі деңгейлерді қамтып отыр.
Қалыптасқан цифрлық инфрақұрылым, білім беру ұйымдарының заманауи технологиялармен қамтамасыз етілуі және жасанды интеллект құралдарының белсенді енгізілуі білім беру сапасын арттыруға, басқару үдерістерін жетілдіруге және білім алушылардың цифрлық құзыреттерін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашуда.