
Ақмола облысының білім беру жүйесі білім сапасын арттыруға, адами капиталды дамытуға және өскелең ұрпақты цифрлық экономиканың талаптарына даярлауға бағытталған цифрлық трансформация стратегиясын жүйелі түрде жүзеге асыруда.
Бұл жұмыс Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауына байланысты ерекше маңызға ие. Осыған орай өңірде цифрлық білім беру ортасын дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, заманауи ақпараттық жүйелерді енгізу, педагогтер мен білім алушылардың цифрлық технологиялар саласындағы құзыреттерін арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Ақмола аймақтық білім берудегі жаңа технологиялар орталығының директоры Бағдат Қадыровтың айтуынша, бүгінгі таңда Ақмола облысындағы мектептердің 100 пайызы интернет желісіне қолжетімділікпен қамтамасыз етілген. Барлық білім беру ұйымдары білім беру ауысымдарының санын ескере отырып, интернет қосылымының жылдамдығы кемінде 20 Мбит/с болуын көздейтін белгіленген нормативтік талаптарға сәйкес желіге қосылған.
«Цифрлық теңсіздікті жою және сапалы білім алуға тең жағдай жасау мақсатында облыстың 161 мектебіне 150-ден 230 Мбит/с дейінгі жылдамдықты қамтамасыз ететін Starlink спутниктік жабдықтары орнатылды», — деп қосты орталық директоры.
Өңірде жыл сайын компьютерлік және интерактивті техникаларды жаңарту жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіледі. Ақмола облысының орта білім беру ұйымдарында 46 мыңнан астам компьютерлік техника бірлігі пайдаланылуда.
Айта кету керек, 2025–2026 оқу жылы ішінде 134 мектеп талшықты-оптикалық байланыс желілеріне (ТОБЖ) қосылды. Бұл интернет қосылымының тұрақтылығын едәуір арттыруға, байланыс арналарының өткізу қабілетін ұлғайтуға және заманауи цифрлық білім беру платформаларының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру, педагогтер мен білім алушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ инновациялық технологияларды енгізу цифрлық дәуірдің сын-қатерлеріне дайын, бәсекеге қабілетті ұрпақты тәрбиелеуге жағдай жасайды.