Ақмолалық педагогтер «EduAI» республикалық хакатонында үздіктер қатарынан көрінді

Ақмолалық педагогтер «EduAI» республикалық хакатонында үздіктер қатарынан көрінді

2026 жылғы 4–5 маусым күндері Астана қаласында республикалық «EduAI: Педагогикалық хакатон» өтті. Ауқымды іс-шараны AMANAT партиясы мен Daryn Ustaz білім беру платформасы бірлесіп ұйымдастырды.

Хакатонға еліміздің барлық өңірлерінен іріктеу кезеңінен сәтті өткен 400-ге жуық педагог қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, екі күн бойы қатысушылар білім беру саласына арналған инновациялық шешімдер әзірлеп, жасанды интеллект технологияларын оқу үдерісінде қолдану бойынша практикалық дағдыларын көрсетті.

Республикалық хакатонда Ақмола облысының намысын 19 педагог қорғады.

Қатысушылар білім беру үдерісін жетілдіруге бағытталған инновациялық жобаларын ұсынды. Атап айтқанда, жасанды интеллект көмегімен білім беру контентін әзірлеу, білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау жүйесін автоматтандыру, жекелендірілген оқытуды енгізу және цифрлық технологиялар арқылы білім беру тиімділігін арттыру мәселелерін қамтыды.

Хакатон қорытындысы бойынша еліміздің үздік 20 педагогінің қатарына облысымыздың екі педагогі енді:

Бралина Маржан Талғатқызы — Ақмола облысы білім басқармасының Көкшетау қаласы бойынша білім бөлімінің «Көкшетау қаласының техникалық мектеп-лицейі» КММ ағылшын тілі пәнінің мұғалімі;

Сураған Дәуіт — Ақмола облысы білім басқармасының Целиноград ауданы бойынша білім бөлімінің Қараөткел ауылының «IT мектеп-лицейі» КММ математика пәнінің мұғалімі.

Хакатон жеңімпаздары жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды білім беру қызметіне енгізудің озық халықаралық тәжірибесімен танысу мақсатында Оңтүстік Корея мемлекетінде кәсіби тәжірибеден өтуге мүмкіндік алды.

Қатысушыларды лайықты жетістіктерімен құттықтап, алдағы уақытта жаңа белестер мен жарқын жобалар тілейміз!