Болашақ мамандар көктемгі науқанда кәсіби тәжірибе жинақтады

Болашақ мамандар көктемгі науқанда кәсіби тәжірибе жинақтады

Көктемгі егіс науқаны Жоғары агротехникалық колледж студенттері үшін өндірістік тәжірибенің маңызды кезеңі ғана емес, кәсіби шеберлікті шыңдайтын нағыз мектепке айналды. Болашақ механизаторлар мен агрономдар Ақмола облысының ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге белсенді қатысып, нақты өндірістік жағдайда баға жетпес тәжірибе жинақтады.

Технологиялық тәжірибе аясында облыстың агроөнеркәсіптік кешені кәсіпорындарына үшінші және төртінші курс студенттерінен құралған 80 білім алушы жіберілді. Олардың қатарында «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша 48 студент және «Агрономия» мамандығы бойынша 32 студент бар. Тәжірибе барысында жастар колледжде алған теориялық білімдерін бекітіп, ауыл шаруашылығы өндірісіндегі заманауи технологиялармен танысып, кәсіби дағдыларын тікелей жұмыс орнында жетілдіруге мүмкіндік алды.

Студенттер тәжірибеден Ақмола облысындағы жетекші ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында өтті. Олардың қатарында «Қанай Би-1» ЖШС, «Намыс» ЖШС, «Жақсылық-Агро» ЖШС, «Мәдениет» ЖШС, «Подгорное» ЖШС, «Зеренді-Астық» ЖШС, «Stepnoishimskoe GCK» ЖШС, «Кеңес» ШК, «Союз-1999» АҚ, «Көкшетау тәжірибелік өндірістік шаруашылығы» ЖШС және т.б.

Колледж директоры Арман Оспановтың айтуынша, болашақ механизаторлар егіс науқанына ауыл шаруашылығы техникаларын дайындауға, реттеу мен қызмет көрсету жұмыстарына қатысты. Ал «Агрономия» мамандығының студенттері топырақ дайындау, агротехникалық іс-шараларды жүргізу, егіс жұмыстарының сапасын бақылау және ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру технологияларының сақталуын қадағалау жұмыстарына жұмылдырылды.

Көктемгі дала жұмыстарына қатысу студенттер үшін кәсіби қалыптасудың маңызды кезеңіне айналды. Тәжірибелі мамандармен бірге еңбек ету олардың болашақ мамандықтарының ерекшеліктерін тереңірек түсінуіне, өндірістік шешімдер қабылдауды үйренуіне және өз еңбегінің нәтижесіне жауапкершілікпен қарауына мүмкіндік берді.