Жас зерттеушілер «ProEco» байқауының облыстық кезеңінде өз жобаларын ұсынды

Жас зерттеушілер «ProEco» байқауының облыстық кезеңінде өз жобаларын ұсынды

2026 жылғы 13-14 сәуір аралығында «Ақмола дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының базасында 5-8  сынып оқушыларына арналған «ProEco» республикалық экологиялық жобалар байқауының облыстық кезеңі өтті.

Аталған іс-шара оқушылардың зерттеушілік ойлау қабілетін дамытуға және жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Қатысушылар экологиялық өзекті мәселелерді қамтитын жобаларын ұсынып, оларды шешудің нақты жолдарын ұсынды.

Байқау келесі бағыттар бойынша өткізілді:

1.«Туған өлке табиғаты» бағыты - туған өңірдің табиғи аймақтары мен экожүйелерінің бірегейлігін көрсететін виртуалды экскурсиялар, 3D-модельдер, интерактивті карталар т.б.

2.«Мені қоршаған әлем - ғажайып әлем» бағыты - табиғат пен оның құбылыстарын бейнелейтін бейнетүсірілімдер, шағын документалды фильмдер, көркем әңгімелер, фотоэсселер.

3.«Үздік экологиялық бастама» бағыты - экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған жобалар, макеттер, экодизайн, аналитикалық зерттеулер, инфографикамен толықтырылған мәтіндік жобалар.

4.«Таза қала сізден басталады» бағыты - экологиялық акциялар, көгалдандыру, абаттандыру, фотоесептер, бейнежобалар және қалалық ортаны жақсартуға арналған аналитикалық материалдар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жас экологтар тек шығармашылық қабілеттерін ғана емес, сонымен қатар жоғары деңгейдегі талдау дағдыларын да көрсетті. Олардың жұмыстарында табиғи ресурстарды сақтау, аумақтарды көгалдандыру және экологиялық жауапкершілікті арттыру мәселелері көтерілді.

Байқаудың қорытындысы бойынша 27 оқушы жүлдегер және жеңімпаз атанды: І-дәрежелі дипломмен – 4 оқушы, ІІ-дәрежелі дипломмен – 9 оқушы, ІІІ-дәрежелі дипломмен –  14 оқушы марапатталды.

Облыстық кезеңнің жеңімпаздары республикалық деңгейде өңір намысын қорғау мүмкіндігіне ие болды. 4 оқушы келесі кезеңге жолдама алды.

Құттықтаймыз!