
Ағымдағы жылдың 9 сәуірінде мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген тақырыптық отырысы өтті.
Отырыс барысында жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің өзекті мәселелері қаралды. Баяндамалармен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Досбосынұлы Мұстабеков «Әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі республикалық үйлестіру кеңесінің қызметі туралы», сондай-ақ Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Қуанышқызы Ақпарова «Бастапқы әскери, әскерге шақыруға дейінгі және әскерге шақыруға дейінгі тереңдетілген даярлықтың жәй күйі туралы» тақырыптарында сөз сөйледі.
Отырыс барысында өңірлердегі жұмысты ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Ақмола облысында 2026 жылы 100 мыңнан астам адамды қамтитын әскери-патриоттық бағыттағы шамамен 1000 іс-шара өткізу жоспарлануда.
Қазіргі таңда өңірде әскери-патриоттық бағыттағы бағдарламаларды іске асыратын ұйымдар желісі қалыптасқан. 517 мектеп пен 27 колледжде 19 500 оқушы мен студент бастапқы әскери және технологиялық даярлық негіздерін меңгеруде. Практикалық дағдыларды қалыптастыру үшін 325 АӘжәнеТД кабинеті жұмыс істейді.
Сонымен қатар, оқу бағдарламалары аясында жыл сайын көктем мезгілінде 10-сынып оқушылары мен 1-курс студенттері үшін оқу-далалық жиындар ұйымдастырылады. Бұл жиындарға шамамен 7 мыңға жуық білім алушы қатысады.
Жастардың патриоттық санасын қалыптастыруда әскери-патриоттық клубтардың рөлі ерекше. Облыста 119 осындай клуб жұмыс істейді, онда 1 840 тәрбиеленуші қамтылған.
Биылғы жылдың маңызды оқиғаларының бірі – Бурабай ауданында өтетін «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жиыны болмақ.
Отырыс қорытындысы бойынша еліміздегі әскери-патриоттық тәрбие жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірленді.