Білім – мемлекеттік саясаттың басты құндылығы: жаңа Конституцияда айқындалған басымдықтар

Білім – мемлекеттік саясаттың басты құндылығы: жаңа Конституцияда айқындалған басымдықтар

Бүгін облыс көлемінде «Адал Азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында білім беру ұйымдарында 11-сынып оқушыларына арналған «Білім – мемлекеттік саясаттың басты құндылығы: жаңа Конституцияда айқындалған басымдықтар» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары ұйымдастырылды. Аталған іс-шаралар жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева Красный Яр ауылындағы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясында өткен ашық сабаққа қатысып, білім ордасының тыныс-тіршілігімен танысты. Кездесу барысында басқарма басшысы оқушыларға жаңа Конституцияға енгізілген өзгерістер туралы кеңінен баяндап, олардың маңыздылығы мен қоғам өміріндегі рөліне тоқталды.

Ашық сабақ аясында оқушылар да өз пікірлерімен бөлісті. Атап айтқанда, 11-сынып оқушысы Гүлнұр Зекенова алғаш рет дауыс берген сәті туралы айтып, азаматтық борышын орындаудың маңызын ерекше атап өтті. Ол 2008 жылғы 24 ақпанда дүниеге келген және биыл 15 наурызда өткен референдумда алғаш рет өз таңдауын жасаған.

Мектеп директоры Гүлзат Бақтыбаеваның мәліметінше, білім ордасында 36 сынып пен 3 мектепалды даярлық тобы жұмыс істейді. Қазіргі таңда мұнда 804 оқушы білім алуда.

Айта кету керек, облыс бойынша осындай мазмұндағы ашық сабақтар 6 мыңнан астам оқушыны қамтыды.