Ақмола облысында 2026 жылғы 30 наурыз бен 17 сәуір аралығында WorldSkills Aqmola 2026 өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаты өтуде. Ауқымды іс-шара жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, жас мамандардың кәсіби дағдыларын дамытуға бағытталған.
Чемпионат барысымен Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева танысты. Іс-шара аясында басқарма басшысы компатриоттармен, тәуелсіз сарапшылармен және қатысушылармен кездесіп, олардың дайындық деңгейі мен байқаудың ұйымдастырылу сапасын талқылады.
«Altyntau Kokshetau» АҚ-ның тәуелсіз сарапшысы Анатолий Белицкий Көпсалалық инновациялық колледждің материалдық-техникалық базасын жоғары бағалап, «Ауылшаруашылық машиналарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу» құзыреттілігі бойынша қатысушылардың кәсіби деңгейінің жоғары екенін атап өтті.
Өз кезегінде компатриот Ирина Корнилова конкурс тапсырмаларының мазмұнын таныстырып, олардың тәжірибелік маңыздылығына ерекше назар аударды.
Қатысушылар жарыс алаңдарында жасалған жағдайларға оң баға беріп, байқаудың жоғары деңгейде, әділ әрі сапалы өтіп жатқанын жеткізді.
Айнагүл Қыдырбайқызы барлық қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай чемпионаттардың білікті кадрларды даярлаудағы маңызды рөлін атап өтті.
Айта кетейік, чемпионатқа облыстың 24 колледжінен шамамен 350 студент қатысуда. Жарыс 67 құзыреттілік бойынша өтуде, оның ішінде 4 инклюзивтік бағыт (Abilympics). Чемпионат алаңдары Көкшетау, Степногорск, Щучинск қалаларында және өңірдің басқа да колледждері базасында ұйымдастырылған.