
2026 жылғы 24–28 наурыз аралығында Алматы қаласында Республикалық физика-математика мектебі базасында 2–4 сынып оқушыларына арналған «Бастау» XIX республикалық математикалық олимпиадасы өтті.
Олимпиаданың негізгі мақсаты — математикалық қабілеті жоғары дарынды оқушыларды анықтау және қолдау, сондай-ақ олардың білімін тереңдетіп, кеңейту. Республикалық кезең үш турдан тұрды.
Аталған білім бәйгесіне Ақмола облысынан 6 оқушы қатысып, жоғары нәтижелер көрсетті.
Жеке тур қорытындысы бойынша ІІ дәрежелі дипломмен Қосшы қаласының №4 жалпы орта білім беретін мектебінің 2-сынып оқушысы Айтқазы Надира марапатталды. ІІІ дәрежелі дипломды Бурабай ауданы Кенесары ауылы Сәтпаев атындағы мектептің 2-сынып оқушысы Мусин Мансур иеленді. Ал Бурабай ауданы Щучинск қаласындағы №5 мектептің 3-сынып оқушысы Борцов Егор грамотамен марапатталды.
Командалық турда ерекше нәтиже көрсеткен Қосшы қаласының (қазақ тілі) командасы І дәрежелі дипломмен марапатталды. Команда құрамында Айтқазы Надира (№4 мектеп), Ерланқызы Мариям (Рақымжан Қошқарбаев атындағы №1 мектеп) және Баймырза Ербұлан (мектеп-гимназия) болды.
Жас математиктердің жетістіктері Ақмола облысында білім беру сапасының жоғары деңгейде екенін және дарынды балаларды қолдау жұмыстарының тиімділігін айқын көрсетеді.