Білім мен табандылықтың жеңісі: Зеренді жастарының жарқын жұлдызы

Білім мен табандылықтың жеңісі: Зеренді жастарының жарқын жұлдызы

Зеренді ауданына қарасты «Ақадыр ауылының жалпы орта білім беретін мектебі»-нің 11-сынып оқушысы Солтанбек Аян Талғатұлы – білімге құштарлығымен, шығармашылық ізденісімен және көшбасшылық қасиеттерімен дараланған жас дарын. Ол Алматы қаласында «XXI ғасыр көшбасшысы» республикалық зияткерлік ойынына қатысып, жүлделі IV орынды иеленіп, Ақмола облысының абыройын асқақтатты.

Бұл жетістік – табандылық пен тынымсыз еңбектің, мақсатқа деген адалдықтың және өз күшіне деген сенімнің айқын көрінісі.

Аян 2007 жылы көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әулетінен шыққан 30-ға жуық мұғалімнің білім мен еңбекке деген жауапкершілігі оның тұлғалық қалыптасуына зор ықпал етті. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап білімге деген ерекше ынтасымен көзге түскен ол қоғамдық шараларға, ғылыми жобалар мен шығармашылық байқауларға белсенді қатысып келеді. «Жарқын болашақ», «Менің кіші Отаным» байқауларында, пәндік олимпиадаларда облыстық деңгейде тұрақты жеңімпаз атанып жүр.

Қаңтар айындағы ҰБТ-да химия-биология бағыты бойынша 115 балл жинауы – оның жүйелі дайындығы мен жоғары жауапкершілігінің нақты дәлелі.

Аянның алға қойған мақсаты – болашақта білікті дәрігер атанып, қоғам игілігіне қызмет ету, инновациялық жобалар арқылы ел дамуына үлес қосу.

«Менің армандарым – тек өзім үшін ғана емес, қоғам үшін де пайдалы болу. Мен білімімді үздіксіз жетілдіріп, дәрігер мамандығын игеріп, адамдарға көмек көрсеткім келеді. Адам өмірі – ең қымбат нәрсе, және мен өз білімім мен қабілетімді адамдардың денсаулығын қорғауға арнағым келеді»- деді Аян.

Аян Солтанбек– ХХІ ғасыр көшбасшысы ғана емес, білім мен ізгілікке ұмтылған жас ұрпақтың жарқын өкілі.