
2025 жылы Аршалы ауданының Аршалы ауылындағы «Светлячок» балабақшасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жұмыстар тәрбиеленушілер мен қызметкерлер үшін заманауи, қауіпсіз және ыңғайлы жағдай жасауға бағытталды.
Балабақша өз жұмысын 1968 жылдан бастап жүргізіп келеді. Мекемеде мемлекеттік және орыс тілдерінде білім беретін төрт топ жұмыс істейді. Жалпы қуаты - 100 орын.
Күрделі жөндеу аясында барлық терезелер мен есіктер жаңартылып, қабырғалар боялды, ғимараттың фасады жаңартылды, жылыту жүйесі толықтай модернизацияланды. Топ бөлмелеріне жылы едендер орнатылып, шатыр толық ауыстырылды.
Қауіпсіздікті арттыру мақсатында мекеменің барлық периметрі бойымен бейнебақылау камералары орнатылды, өрт сөндіргіш қондырғылар мен сыртқы жарықтандыру жүргізілді.
«Жүргізілген жұмыстардың арқасында балабақша ғимараты жылы, жарық әрі жайлы болды. Енді балалар қауіпсіз және ыңғайлы ортада оқып, ойнап, демала алады», — деп айтты балабақшаның меңгерушісі Ғазиза Оспанова.
Айта кету керек, 2025 жылы Ақмола облысында 34 білім беру нысанында күрделі жөндеу, 43 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.