
Сандықтау ауданы білім бөлімінің Красная Поляна ауылындағы жалпы білім беретін мектебінде реновация аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Мектепте жарықтандыру жүйесі толық жаңартылып, қабырғалар мен едендер жөнделді, ішкі және кіреберіс есіктер ауыстырылды. Сондай-ақ мектеп аумағы абаттандырылып, балаларға спорт алаңдары салынды, жаңа қоршау орнатылып, аулаға брусчатка төселді.
Сонымен қатар, мектепке жаңа химия және география кабинеттері алынды. Мектепте физика кабинеті мен STEM-кабинет жұмыс істейді.
«Қазіргі таңда мектепте 180 оқушы білім алуда. Оқушылар үшін ыстық тамақ ұйымдастырылған. Балаларға сапалы білім мен лайықты тәрбие беру үшін барлық жағдай жасалуда», — деп айтты мектеп директоры Яха Ибаева.
Красная Поляна ауылындағы мектептің жаңартылуы — Ақмола облысындағы білім беру ұйымдарын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстардың бір бөлігі. Жалпы өңір бойынша 34 білім беру нысанында күрделі жөндеу, 43 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.