Практикаға басымдық: колледж бен бизнес бірлескен жұмысты нығайтуда

Практикаға басымдық: колледж бен бизнес бірлескен жұмысты нығайтуда

Атбасар қаласындағы Аграрлық-индустриалдық колледж алаңында «Колледж бен өңір кәсіпорындарының өзара іс-қимылы арқылы кадрларды практикаға бағыттап даярлауды дамыту» тақырыбында Индустриалдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті.

Отырыс жұмысына Атбасар ауданы әкімінің орынбасары Қуаныш Қуатбеков,Ақмола облысы білім басқармасының ТжКБ орталығының өкілдері, өңір колледждерінің басшылары, Индустриалдық кеңес мүшелері мен әлеуметтік серіктестер қатысты.

Жиын барысында колледждің әлеуметтік серіктестері қызмет көрсету саласындағы қазіргі технологиялық өзгерістер туралы баяндап, олардың мамандарды даярлау мазмұнына тікелей әсер ететінін атап өтті. Кәсіпорын басшылары жұмыс берушілердің түлектерге қоятын талаптарын бөлісіп, ең сұранысқа ие кәсіби дағдыларды айқындады.

Іс-шараның маңызды кезеңі — «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша шағын кәсіпорынның салтанатты ашылуы болды. Жаңа өндірістік алаң студенттердің практикалық оқуын нақты өндіріс жағдайына барынша жақын ортада ұйымдастыруға арналған.

Колледж директоры Аскербек Төлебаевтың айтуынша, жаңа өндірістік алаңның іске қосылуы студенттерге заманауи технологияларды меңгеруге, кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға және еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Индустриалдық кеңестің кеңейтілген отырысын өткізу және шағын кәсіпорынды іске қосу — кадрларды практикаға бағыттап даярлау моделін дамыту мен колледж бен бизнес арасындағы серіктестікті нығайтудың маңызды қадамдары», — деп қосты Аскербек Төлебаев.