
Астана қаласындағы Конгресс-орталықта Жұмысшы мамандықтар жылының қорытындыларын шығаруға арналған салтанатты іс-шара өтті, Сондай-ақ педагогтерді марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.
Аталған шараға Ақмола облысынан өндірістік оқыту шебері және арнайы пәндер оқытушысы Қайдаров Саулетбай Мұратұлы қатысып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Саулетбай Мұратұлы 2011 жылдан бастап Ақмола облысы білім басқармасының жанындағы көпсалалы инновациялық колледжінде өндірістік оқыту шебері және арнайы пәндер оқытушысы ретінде еңбектеніп келеді.
Ол теориялық оқыту мен тәрбие жұмысының негіздерін терең меңгерген, кәсіби білімі жоғары, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын білікті маман. Оның оқытушылық қызметінің табысы өзінің жұмысын жақсы білгендігінде, өзінің пәнін терең меңгергендігінде, студенттердің қызығушылығын туғызады, белсенділігін оятады. Саулетбай Мұратұлына талапшылдық, мейірімділік пен оқушылардың мәселелерін түсіну, әрқайсысына көмек көрсетуге деген ұмтылыс қасиеттері тән.
Тәжірибелі ұстаздың тәрбиесін көрген шәкірттері бүгінде еліміздің ауыл шаруашылығы аймақтарында табысты еңбек етуде. Ол әлеуметтік серіктестермен тығыз байланыс орнатып, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне және оқу орнын тәмамдаған соң кәсіпорындарға жұмысқа орналасуына жағдай жасап келеді.
Саулетбай Мұратұлы жас мамандарға да үлгі. Жас өндірістік оқыту шеберлеріне тәлімгер ретінде бекітіліп, өз тәжірибесімен бөлісіп, бағыт-бағдар беруден жалықпайды.
Ұстаз кәсіби деңгейін үнемі жетілдіріп отырады: біліктілікті арттыру курстарына жүйелі түрде қатысады, ал 2025 жылы педагог-модератор біліктілік санатын иеленді. Сонымен қатар, өңірлік және облыстық деңгейде өтетін кәсіби сайыстарға студенттерді табысты дайындап қана қоймай, өзі де қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.
Саулетбай Мұратұлының еңбегі – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, білікті кадрлар даярлауға қосылған зор үлес. Оның марапаты – табанды еңбектің, адал қызметтің айқын дәлелі.