Колледждер мен кәсіпорындар ынтымақтастығы: Ақмола облысының кадрлық әлеуетін нығайту жолы

Колледждер мен кәсіпорындар ынтымақтастығы: Ақмола облысының кадрлық әлеуетін нығайту жолы

Ақмола облысында колледждер мен өңір кәсіпорындары арасында шефтік байланыс жүйесі белсенді дамып келеді. Мұндай әріптестік білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға, кадрларды сапалы даярлауға және олардың еңбек нарығындағы сұранысын арттыруға бағытталған.

Бүгінгі таңда өңірдің 25 колледжі 170-тен астам кәсіпорынмен шефтік меморандумдар мен келісімдер жасасты. Олардың қатарында «Eurasia Group Kazakhstan» ЖШС, Степногорск подшипник зауыты, «Көпбейінді облыстық аурухана» ШЖҚ МКК, «БЛЭК» ЖШС, «КАМАЗ орталығы» ЖШС, «Тыныс» АҚ, «Altyntau Kokshetau» АҚ және басқа да ұйымдар бар.

Аталған кәсіпорындар студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуін ұйымдастыруға, педагогтердің тағылымдамадан өтуіне, сондай-ақ оқу шеберханаларын заманауи жабдықтармен жарақтандыруға қолдау көрсетуде.

Облыстық білім басқармасының ТжКБ бөлімінің басшысы Нәжмиден Нұралиннің айтуынша, 2023–2029 жылдарға арналған Ақмола облысында білім беру жүйесін дамыту жөніндегі жол картасына сәйкес өңірде ең сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту толық қамтамасыз етілген.

«Мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру көрсеткіші 100 % жетті, бұл колледждердің тиімді жұмыс істеп отырғанын көрсетеді», – деп қосты ТжКБ бөлімінің басшысы.

Студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін шешу мақсатында соңғы жылдары жалпы сыйымдылығы 1650 орын болатын 5 жаңа жатақхана салынды. Қазіргі таңда студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы толықтай жойылды.

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары халықаралық WorldSkills қозғалысына белсенді қатысуда. Ағымдағы жылы өңір командасы республикалық кәсіби шеберлік конкурсында 30 негізгі және 12 қосымша құзыреттілік бойынша қатысып, жалпыкомандалық есепте 2-орынға ие болды.

Нақтылап айтсақ, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған кешенді шаралар бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға, сондай-ақ өңірдің кадрлық әлеуетін нығайтуға ықпал етуде.