Ақмолалық студент BRICS халықаралық чемпионатында алтын медаль жеңіп алды

Ақмолалық студент BRICS халықаралық чемпионатында алтын медаль жеңіп алды

2025 жылғы 14–16 желтоқсан аралығында Қытай Халық Республикасының, Аньхой провинциясы, Тунчэн қаласындағы Tongcheng Teachers College базасында жасанды интеллекті қолдану технологиялары бойынша BRICS Skills Development and Technological Innovation Competition халықаралық байқауы өтті. Беделді жарысқа Конго, Камерун, Оңтүстік Корея және Жапония елдерінен 20 қатысушы қатысты.

Аталған халықаралық байқауға Көкшетау қаласындағы Жоғары техникалық колледждің IT бағыты бойынша білім алатын студенті Гатин Ильяс қатысты. Ол 2-ші жасанды интеллект саласында терең оқыту технологияларын қолдану — 2nd Artificial Intelligence Deep Learning Application Technology Competition санатында өнер көрсетті.

Халықаралық финал барысында қатысушылар «Заттар интернеті» бағыты бойынша күрделі практикалық тапсырмаларды орындап, смарт-жүйелерді жобалау, бағдарламалау және интеграциялау саласындағы кәсіби дағдыларын паш етті.

Байқау қорытындысы бойынша терең теориялық білімі мен жоғары техникалық дайындық деңгейінің арқасында Гатин Ильяс жүлделі БІРІНШІ ОРЫНДЫ иеленді.

Айта кету керек, Ильястың ақпараттық технологиялар саласында бұған дейін де елеулі жетістіктері бар. Ол WorldSkills–2024 чемпионатында «Мобильді қосымшалар әзірлеу» құзыреттілігі бойынша күміс жүлдегер атанған, сондай-ақ ProIT командасымен бірге «Inform Defence Hackathon» хакатонында І орынды жеңіп алған.

Аталған чемпионат заманауи технологиялардың, цифрлық дағдылардың және болашақ мамандардың кәсіби құзыреттерінің деңгейін бағалауға мүмкіндік беретін маңызды халықаралық алаң болып табылады.