
Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының тармағын орындау мақсатында және Ақмола облысында әрбір балаға қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету мақсатында инклюзивті білім беру жүйесі белсенді түрде дамып келеді. Облыстың білім басқармасы инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттерін ашу бойынша жоспар әзірлеп, бекітті. Бұл жоспар өңір бойынша осындай кабинеттер желісін кеңейтуге бағытталған.
Мектепке дейінгі және орта білім беру бөлімінің бас маманы Макпал Қалияқбарованың айтуынша, 2020–2027 жылдарға арналған «Инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттері желісін кеңейту» жоспарына сәйкес, 2025 жылы өңірде 30 жаңа кабинет ашылған. Бұл жұмыс жүйелі әрі кезең-кезеңімен жүргізіліп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қамтуды едәуір кеңейтуге және олардың табысты әлеуметтенуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Бүгінде Ақмола облысында инклюзивті білім беруді қолдау бағытында 127 кабинет жұмыс істейді. Олар облыстың барлық аудандары мен қалаларында орналасқан, бұл кабинеттерге 2500-ден астам бала барады.
Кабинеттердің негізгі мақсаты — ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға дер кезінде және сапалы қолдау көрсету. Мамандардың жұмысы оқу үдерісіндегі кедергілерді жоюға, әрбір баланың дамуына барынша қолайлы орта құруға, сондай-ақ оның жалпы білім беру процесіне интеграциялануын сүйемелдеуге бағытталған.
«Бұдан бөлек, ата-аналармен өзара әрекеттестікке де үлкен мән беріледі. Кабинеттерде балалармен жеке жұмыстан бөлек, ата-аналарға кеңес беру, әдістемелік қолдау көрсету және түрлі бағыттағы педагогтардың командалық өзара іс-қимылына арналған орта ұйымдастырылған», — деп қосты Макпал Қалияқбарова.
Инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттерінің желісін кеңейту — барлық оқушыларға тең жағдай жасап, сапалы білім алуға мүмкіндік беру және балалардың қоғамға толықтай араласуын қамтамасыз етудің маңызды бағыты.