Ақмола облысында мектеп оқушыларының өзін-өзі басқару жас көшбасшыларының облыстық форумы өтті

Ақмола облысында мектеп оқушыларының өзін-өзі басқару жас көшбасшыларының облыстық форумы өтті

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде 2025 жылдың 20–21 қараша күндері Сандықтау ауылында орналасқан «Жас дәурен» жыл бойы жұмыс істейтін балалар сауықтыру лагерінің базасында мектептік өзін-өзі басқару көшбасшылары және балалар қоғамдық ұйымдары арасында «Мен елімнің ертеңімін» облыстық форум ұйымдастырылды.

Форум жыл сайын 20 қарашада аталып өтетін Дүниежүзілік балалар құқықтарын қорғау күніне арналған онкүндіктің бастамасы болды.

Облыстық форумға мектептік өзін-өзі басқару көшбасшыларының 15 командасы қатысты. Қатысушылардың жалпы саны – 75 білім алушы, олар облысымыздың 11 ауданынан  және Көкшетау, Қосшы, Степногорск қалаларынан, сондай-ақ Көкшетау қаласындағы №3 Абай атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатынан келген көшбасшылар.

Форум жұмысына Сандықтау ауданы прокурорының міндетін атқарушы Жалғас Жиенбеков қатысып, сөз сөйледі.

Өз сөзінде Жалғас Жиенбеков мектепте оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесін дамыту арқылы жасөспірімдердің көшбасшылық және ұйымдастырушылық қасиеттерін қалыптастырудың маңызды екенін атап өтті.

Форум қатысушылары «Заң мен тәртіп» интерактивті сессиясына белсенді қатысып, сахналық көрініс, музыкалық және визуалды тәсілдер арқылы әділдік, жауапкершілік және заңға құрмет көрсету азаматтық кемелділіктің негізі екенін өз түсініктерімен жеткізді, өскелең ұрпақ үшін заңның маңызын айқын көрсетті.

Форум аясында «Бағытымыз айқын, мақсатымыз анық» үздік портфолио облыстық байқауы өткізіліп, 57 көшбасшы өз мектеп парламентінің портфолиосын байқауда ұсынып, қорғады. Үздік портфолио облыстық байқауында мектеп парламенттері «Адал ұрпақ», «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» жобаларына ерекше мән берді.

«Мен елімнің ертеңімін» форумы тәжірибе алмасу, оқушылардың көшбасшылық қабілеттерін дамыту және Ақмола облысы жастары арасында заңдылық пен азаматтық жауапкершілік құндылықтарын ілгерілету үшін маңызды алаңға айналды.