
Ерейментау қаласындағы Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмыстары жаз мезгілінде атқарылып, жұмыстар аясында ғимаратты кешенді жаңарту мен аумақты абаттандыру іске асырылды.
Күрделі жөндеу аясында ғимараттың шатырын толықтай ауыстыру, қабырғаларды минералды мақтамен және заманауи сайдингпен қаптау жұмыстары орындалды. Пластик терезелер мен ағаш есіктер орнатылды, қабырғалар декоративті панельдермен әрленді, сапалы линолеум төселді.
Бұдан бөлек, іргелес аумақ абаттандырылды: асфальт төселіп, брусчатка орнатылды, бордюрлер қойылды. Ғимараттың барлық жағынан жаңа қоршау орнатылды. Сонымен қатар орталыққа өрт дабылы жүйесі мен бейнебақылау қойылды.
Орталық директоры Наталья Курникованың айтуынша, бүгінде шығармашылық үйіне 600-ден астам бала келеді. Оқыту бес бағыт бойынша 18 үйірмеде жүргізіледі. Балалар «Лидер», КВН, вокал секілді шығармашылық бірлестіктерде өнер көрсетеді, тігін, тоқу, сән театры, моншақпен өрнектеу, дебат үйірмелеріне қатысады, «Қызықты ағылшын», «Қазақ тілін үйренеміз» үйірмелерінде білім алады, робототехника, шахмат және тоғызқұмалақпен айналысады.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген. «Дамыту» үйірмесіне ерекше қажеттіліктері бар балалар қатысады — олар үшін көрнекі құралдармен жабдықталған жеке кабинет, арнайы санитарлық торап және пандус қарастырылған.
«Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде орталықта тәрбиеленушілер мен педагогтердің өздерін барынша ыңғайлы және қауіпсіз сезінуіне мүмкіндік беретін жайлы әрі заманауи білім беру ортасы құрылды», — деп атап өтті мекеме директоры Наталья Курникова.