Ақмолалық оқушы Республикалық инновациялық идеялар байқауында жеңімпаз атанды

Ақмолалық оқушы Республикалық инновациялық идеялар байқауында жеңімпаз атанды

Республикалық «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялар байқауы өз мәресіне жетті. Іс-шара қашықтық форматта өтіп, еліміздің барлық өңірлерінен келген 140 талантты оқушыны біріктірді.

Ақмола облысының намысын облыстық кезеңінің сегіз жеңімпазы қорғады.

Байқау нәтижесінде Сандықтау ауданы, Каменка ауылының жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Сальников Александр «Автокөліктің қолданыстағы модельдерін әзірлеу саласындағы техникалық құрастыру» номинациясы бойынша І орынға ие болды. Жетекшісі — информатика пәнінің мұғалімі Тюков Виктор Сергеевич.

Александр қазылар алқасына өз қолымен құрастырған қашықтан басқарылатын Аэрошананың жұмыс істейтін макетін ұсынды.

«Ең алдымен мен жобаның құрылымы мен жұмыс принципін зерттедім, сызбасын жасап, макетін жинадым. Кейін қашықтан басқару жүйесін қостым, сынақтар жүргіздім. Нәтижесінде модельдің тиімділігін бағалап, жетілдіру мүмкіндіктерін анықтадым», – деп айтты жас конструктор.

Оқушының айтуынша, жоба үстінде жұмыс істеу оған теориялық білім мен ғылымның практикалық қолданылуының өзара байланысын терең түсінуге мүмкіндік берген: «Аэрошана — физика, механика және электроника салаларындағы білімдерді біріктіретін ерекше көлік түрі. Мен тек модельдерді құрастыруды ғана емес, оларды радиосигнал арқылы басқаруды да үйрендім».

Александрдың жеңісі — ғылымға қызығушылық пен табандылықтың үлкен жетістіктерге жеткізетінінің айқын дәлелі.

Жас өнертапқышты және оның тәлімгерін лайықты жеңісімен құттықтаймыз!