Жайлылық пен технологиялар: балаларға жаңа мүмкіндіктер

Жайлылық пен технологиялар: балаларға жаңа мүмкіндіктер

Мемлекет Басшысының Жолдауына сәйкес облыста мектептерді жаңғыртудың жоспары бекітілді. Жаңа оқу жылына дейін өңірде 20 мектептің жаңғыртуы аяқталды.

Ерейментау ауданының білім бөліміне қарасты Үленті ауылының жалпы білім беретін мектебінде жаңғырту аясында күрделі жөндеу жүргізілді. Үш қабатты мектеп ғимараты 1976 жылы салынған. Бүгінде мұнда 164 оқушы қазақ және орыс тілдерінде білім алады.

Мектеп директоры Гүлнар Жәниева атап өткендей, жаңа оқу жылының басында мектеп толығымен жаңарып, заманауи талаптарға сай жаңа келбетке ие болды. Ең бастысы – оқушылардың оқуға деген ынтасы артты.

Жаңғыртудың  барысында мектеп жаңа кабинеттермен, жабдықтармен және заманауи техникамен қамтылды. Атап айтқанда, химия кабинеті жаңа үстелдермен, орындықтармен, интерактивті тақтамен, компьютермен, көрнекі құралдармен және зертханалық жабдықтармен толықтырылды. Мектеп аумағында баскетбол, футбол және волейбол ойнауға арналған жаңа спорт алаңдары орнатылды.

Заманауи білім беру технологияларын енгізуге ерекше көңіл бөлінді — мектепте алғаш рет STEM-кабинет ашылып, ол оқушылардың инженерлік және техникалық мамандықтарға қызығушылығын арттыруға, жоғары сынып оқушыларының ғылыми-техникалық бағытта білім алуға ынталандыруға бағытталған.

Айта кетсек, 2025 жылы Ақмола облысында 34 білім беру нысанында күрделі жөндеу, ал 44 ұйымда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.